Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау ауданында коммуналдық кәсіпорын 74 қызметкерге тиесілі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналарын және өзге де төлемдерді аудармаған - деп жазды kaz.inform.kz.

Сурет: сайт архивінен
Шыңғырлау ауданының прокуратурасы азаматтардың еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғау саласында заңнама талаптарының бұзылғанын анықтады.
Тексеру барысында аудандағы коммуналдық кәсіпорын 2025 жылдың IV тоқсанына арналған салық декларациясына жалған мәліметтер енгізгені белгілі болды. Атап айтқанда, кәсіпорын ресми құжатта қызметкерлері жоқ екенін көрсеткен.
Соның салдарынан 74 қызметкерге тиесілі жалпы сомасы 4 млн теңге болатын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары мен заңнамада көзделген өзге де төлемдер аударылмаған.
– Алайда «Еңбек.kz» ақпараттық жүйесінің мәліметтеріне сәйкес, кәсіпорында 74 қызметкер бар екені расталды. Прокурорлық қадағалау шараларының нәтижесінде анықталған заң бұзушылықтар жойылып, 74 қызметкердің құқықтары қалпына келтірілді, – делінген прокуратура хабарламасында.
Ведомство азаматтардың еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғау прокуратура қызметінің басым бағыттарының бірі болып қала беретінін атап өтті.