Адамның еңбегі кейде лауазымымен емес, айналасына сыйлаған жылуымен, атқарған ісіне деген адалдығымен өлшенеді. Бір қарағанда, күнделікті күйбең тірліктің қатарындағы қарапайым жұмыс секілді көрінгенімен, оның артында үлкен жауапкершілік, төзім мен маңдай тер жатады. Осындай еңбегімен ұжымның қадірлісіне айналған жандардың бірі – «Сырым елі» газетінің қызметкері Айдарханова Сая Дүзбайқызы. Биыл мерейлі 60 жасқа толып отырған Сая апаның редакциядағы еңбек жолы ширек ғасырға жуықтады.

Оның редакция табалдырығын аттаған сәтінен-ақ айналаға бір жылылық тарайды. Жүзі жарқын, қабағы ашық, сөзі жылы. Бейне бір бөлмеге күн сәулесі бірге кіріп келгендей әсер қалдырады. Әріптестерімен емен-жарқын амандасып, хал-жағдай сұрасып, әрқайсысына көңіл бөле жүреді. Сая апаның болмысына тән осы бір ақжарқын мінезі ұжымның күнделікті тіршілігіне де ерекше шуақ қосып тұрады.
Еңбек жолын тазалықшы болып бастаған ол редакцияның әр бұрышын айнадай жарқыратып ұстауды өзіне міндет санайды. Тазалыққа деген талабы да, жауапкершілігі де бөлек. Жұмыс бөлмелерінің жинақы, ауаның таза, айналаның мұнтаздай болғанын қалайды. Шаң-тозаңға жол бермей, ұжымның жайлы әрі таза ортада жұмыс істеуіне жағдай жасап келеді. Кейде көзге көріне бермейтін осындай еңбектің қадірі күнделікті тірліктің өзінен-ақ байқалады.
Уақыт өте келе Сая Дүзбайқызының жұмысы газет тарату ісімен толықты. Бүгінде редакция арқылы басылымға жазылған ауыл-ауылдағы оқырмандардың қолына аудан айнасы тиюіне, басылымды иелеріне жеткізуге атсалысады. Бұл – сырт көзге оңай көрінгенімен, үлкен ұқыптылық пен шыдамдылықты қажет ететін жұмыс. Әсіресе, бес жүзден астам газет алушыны мекеме, ауыл бойынша бөліп, рәсімдеу, әрқайсысының аты-жөнін, мекенжайын мұқият тексеру, бірде-бір оқырманды назардан тыс қалдырмау оңай шаруа емес.
Оның үстіне, жаңа басылған газеттің өзіне тән бояуы мен баспа иісі бар. Күн сайын сол газетпен жұмыс істеу де денсаулыққа салмақ түсірмей қоймайды. Дегенмен Сая апа өз міндетіне салғырт қараған емес. Әр оқырманның газетіне жауапкершілікпен қарап, басылымның уақытылы жетуіне күш салып келеді.
Бұл жұмыста Сая апаның жан – жары, ауған соғысының ардагері Мұрат Жұмагелдіұлы жанынан табылып, қолғабысын тигізіп жүреді. Күн-түн демей, газет шыққан күні зайыбымен бірге редакцияға келіп, газет алушылардың жазылымын рәсімдеуге көмектеседі. Бірінің бастаған ісін бірі жалғап, ортақ іске жұмыла кіріскен олардың бұл әрекетінен сыйластық пен жанашырлықтың әдемі үлгісін көруге болады.
Сая Дүзбайқызының өмірі де – еңбегі мен отбасы қатар өрілген өнегелі ғұмыр. Сырым аудандық Ауған соғысының ардагерлері ұйымының төрағасы Мұрат Айдархановпен бірге үш ұл тәрбиелеп өсірді. Бүгінде олар үш ұл өсіріп, қос келіндеріне өнеге көрсеткен ата-ене, сегіз немеренің аяулы ата-әжесі. Шаңырағының шаттығы мен ұрпағының қызығына кенеліп отырған бақытты жандар.
Сая апа отбасындағы мейірімі мен қамқорлығын жұмыс орнында да аямайды. «Көңіл көңілден су ішеді» демекші, ол адамды назардан тыс қалдырмайтын қасиетімен де ерекшеленеді. Біреудің қуанышына ортақтасып, біреудің көңілін көтеріп, реті келсе, шағын болса да, сый-сияпатын ұсынып жүреді. Адамға көңіл бөлудің өзі үлкен құрмет екенін ісімен көрсетіп келеді.
Газет ұжымында жасы жағынан да, еңбек өтілі жағынан да үлкені – Сая апа. Сондықтан ол әріптестері үшін тек қызметтес жан ғана емес, ақылын айтып, ақ батасын беретін, айналасына қамқорлық танытатын аяулы жан. Ұжымның тыныс-тіршілігіне әбден сіңісіп кеткен.
Ширек ғасырға жуық уақыт – аз мерзім емес. Осы жылдардың ішінде қаншама газет басылып, қаншама оқырманға жол тартты. Сол басылымдардың әр санының артында Сая апаның да маңдай тері, ұқыптылығы мен жауапкершілігі бар. «Сырым елі» газетінің қызметкерлері бірі мақала жазып, бірі сурет түсіріп, енді бірі газет бетін безендірсе, Сая апа сол еңбектің оқырманға таза, жинақы ортада әзірленуіне және газет болып қолына жетуіне үлес қосып келеді.
Алпыс жас – өткенге көз салып, еңбегіңнің жемісін көретін, алдағы күнге үмітпен қарайтын мерейлі белес. Сая Айдарханова үшін де бұл жас – адал еңбектің, отбасылық бақыттың, адамдық сыйластықтың тоғысқан шағы. Оның өмір жолы бізге үлкен қызмет атқару үшін міндетті түрде биік лауазым иесі болу шарт емес екенін ұғындырады.
Шынар Молданиязова,
«Сырым елі»