Орал қаласындағы Жастар мәдениет сарайында Батыс Қазақстан өңірінен шыққан ақын-композиторлардың әндерін насихаттауға арналған «Оралым – асыл қалам» атты ашық ән байқауы өтті.

Орал қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен, Мәдени-ағарту бірлестігінің басшылығымен, «Атамекен» және «Арай» комьюнити орталықтарының ұйымдастыруымен өткен өнер додасына Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарынан өнерпаздар қатысты.
Өңірден шыққан ақын-композиторлардың шығармаларын кеңінен насихаттау, ұлттық ән мұрасын дәріптеу және жасы 50-ден асқан аға буын өкілдерінің шығармашылық қабілетін қолдауға бағытталған байқауға жеке орындаушылармен қатар дуэт, трио және вокалдық ансамбльдер өнер көрсетті.
Қатысушылар екі әннен орындап, көрерменге туған жерге деген сүйіспеншілік пен ұлттық өнерге деген құрметті жеткізді.

Байқау қорытындысы бойынша ансамбльдер арасында бас жүлдені Оралдағы халықтық «Асыл әжелер» ансамблі және Ақтөбе қаласынан келген «Ақмаржан» ардагерлер ансамблі иеленді. Ал жеке орындаушылар арасында бас жүлде оралдық Жәмила Ғатауова мен Ақтөбе облысының Ойыл ауданынан келген Гүлжанат Махановаға бұйырды.
Гүлжамал Жолдығали,
«Орал өңірі»