Бүгін Ақсай қаласындағы «Жарсуат» сауда үйінде жұмыс іздеушілерге қолдау көрсету мақсатында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтуде. Мансап орталығы, Жастар ресурстық орталығы және «Жас қанат» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен шараға жұмыс берушілер мен тұрақты жұмыс іздеген азаматтар қатысуда.

Жәрмеңкенің басты мақсаты – жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер арасындағы байланысты нығайту, сондай-ақ мемлекеттік бағдарламалар арқылы ұсынылатын мүмкіндіктер туралы ақпарат беру.

Мансап орталығының директоры Әсемгүл Жұмағалиева атап өткендей, ауданда халықты жұмыспен қамту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Биыл жыл басынан бері үш бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылған. Оған 60 жұмыс беруші қатысып, 210 бос жұмыс орнын ұсынған. Ал жәрмеңкелерге 380 азамат келіп, өздеріне қолайлы жұмыс орындарымен танысып, жұмыс берушілерден тікелей кеңес алған.

– Өткізілген жәрмеңкелердің нәтижесінде 19 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды. Сонымен қатар, екі азамат қоғамдық жұмыстарға, үш адам «Жастар практикасы» бағдарламасына жолданды. Мұндай шаралар жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер арасындағы тиімді байланыс алаңына айналып отыр. Азаматтар бос жұмыс орындары туралы ақпарат алып қана қоймай, еңбек жағдайларымен, жұмысқа қойылатын талаптармен және мемлекеттік қолдау шараларымен де таныса алады, – дейді Әсемгүл Жұмағалиева.
Оның айтуынша, аудан бойынша жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар саны – 1232 адам. Жұмыссыздық деңгейі 3,6 пайызды құрайды. Ал жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алған азаматтар саны – 522 адам.

Жұмыспен қамту шаралары аясында 1336 адам тұрақты жұмыс орындарына, 73 адам жастар практикасына, 177 адам қоғамдық жұмыстарға, 48 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жолданған. Бұдан бөлек, 18 азамат қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жіберіліп, сегіз адам мемлекеттік қайтарымсыз грант иеленген. Сондай-ақ 14 адам тұрақты жұмысқа орналастырылып, бес азамат қоғамдық жұмыстарға тартылған, бір адам жастар практикасына жіберілген.

Жәрмеңке барысында жұмыс іздеушілердің қатарында өзін Томирис деп таныстырған жас маманды да кездестірдік. Инженер мамандығын меңгерген ол Орал қаласындағы аграрлық университетте білім алған. Қолына бірнеше түйіндемесін ұстап келген жас маман әзірге бірқатар жұмыс орындарына құжаттарын тапсырып үлгергенін айтты. Енді жұмыс берушілерден оң жауап күтуде.

– Мамандығым бойынша жұмыс іздеп жүрмін. Бірнеше мекемеге түйіндемемді тапсырдым. Бүгінгі жәрмеңкеге де осы мақсатпен келдім. Өзіме лайықты жұмыс табылып, еңбек жолымды бастауыма мүмкіндік болады деп үміттенемін, – дейді Томирис.

Шара барысында жұмыс берушілер ұсынылған бос орындар туралы мәлімет беріп, үміткерлердің түйіндемелерін қабылдауда. Ал жұмыс іздеушілер өздерін толғандырған сауалдарға жауап алып, мамандығы мен тәжірибесіне сәйкес келетін жұмыс орындарын қарастыруда.

Айта кетейік, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Мансап орталығының басты мақсаты – әрбір азаматқа лайықты жұмыс тауып, тұрақты табыс көзіне қол жеткізуіне көмектесу, ал жұмыс берушілерді қажетті білікті мамандармен қамтамасыз ету.
Өйткені әрбір бос жұмыс орны – бір азаматтың болашағына жол ашатын мүмкіндік.
Сәнім Меңдібай
Бөрлі ауданы