27.11.2026, 12:30
Оқылды: 0

Қаратөбе көкпаршыларына сәйгүлік сыйлады

Қазақтың қанында бар көкпар – қайсарлық пен батылдықтың, ептілік пен ерен күштің сыналар алаңы. Ат жалында ойнаған азаматтың намысын қайрап, ел рухын көтеретін бұл ұлттық ойын – халқымыздың баға жетпес мұрасы. Бүгінде төл өнеріміздің жас ұрпақ арасында қайта жаңғыруы – қуанышты құбылыс.
image-27-11-26-11-09-1
Осындай ұлттық құндылықты ұлықтап, аудан абыройын облыстық деңгейде асқақтатып жүрген команданың бірі – Қаратөбе көкпар командасы.
2019 жылы негізі қаланған команданың жұмысы 2023 жылдан бастап жүйелі түрде жандана түсті. Содан бері көкпаршылар тұрақты жаттығып, түрлі деңгейдегі жарыстарда бақ сынап келеді. Бүгінде өз құрамы қалыптасқан команданың ортақ мақсаты – аудан намысын абыроймен қорғап, ұлттық спорттың дамуына үлес қосу.
image-27-11-26-11-09-2
Команданың капитаны – Табылдиев Мұратбек, ал жетекшісі – Кенжебаев Абай. Сондай-ақ Сериков Мағжан сынды азаматтар да көкпардың дамуына өзіндік үлес қосып келеді. Олардың табанды еңбегі мен ұйымшылдығының арқасында Қаратөбе көкпар командасы облыстық жарыстарда бірнеше мәрте жүлделі орындарға ие болып, жуырда Теректі ауданында өткен додада да топ жарып, аудан абыройын асқақтатты.
Көкпардың қызығы мен қиындығы қатар жүреді. Мұнда шабандоздың шеберлігімен бірге аттың бабында болуы, төзімділігі мен ептілігі де шешуші рөл атқарады. Осыны жақсы түсінетін команда мүшелері ат баптау мен спортшылардың дайындығына ерекше көңіл бөліп келеді. Қазіргі таңда команданың иелігінде 12 ат бар. Былтырғы жылыда демеушілердің қолдауымен Қырғызстаннан көкпарға бейімделген сәйгүліктер әкелініп, команда құрамы толықтырылды.
Команда капитаны Табылдиев Мұратбектің айтуынша, көкпардағы жетістік – бір адамның емес, тұтас ұжымның еңбегі.
 – Көкпар – біз үшін жай ғана ойын емес, ұлттық рухымыздың көрінісі. Әр жарысқа үлкен жауапкершілікпен дайындаламыз. Бұл спортта шабандоздың шеберлігімен қатар, аттың бабында болуы да маңызды. Басты мақсатымыз – аудан намысын абыроймен қорғап, алдағы жарыстарда жоғары нәтижеге қол жеткізу. Бізге көрсетілген әрбір қолдау жігіттердің жігерін жанып, алға ұмтылуға күш береді, - дейді капитан.
Расында, ұлттық өнердің өркендеуі тек оны серік еткен спортшыларға ғана емес, қолдау білдіріп, жанашырлық танытатын азаматтарға да байланысты. Осындай игі істің үлгісін Егіндікөл ауылының тұрғыны Болат Жұманов көрсетті. Ол жақында Қаратөбе көкпар командасына бір бас жылқы сыйға тартып, азаматтық танытты.
Сыйға тартылған жылқы – «Хан торы» атты әмбебап сәйгүлік. Оның басты ерекшелігі – көкпар ойынында шабуылда да, қорғаныста да бірдей тиімділігімен ерекшеленуі. Яғни ойынның әр кезеңінде шабандозға сенімді серік бола алатын ат. Мұндай сәйгүліктің команда қатарына қосылуы көкпаршылар үшін үлкен қолдау екені сөзсіз.
image-27-11-26-11-09
Ұлттық спорттың абыройын асқақтату – оны серік еткен спортшылардың ғана емес, ел болып атсалысатын ортақ істің бірі. Қаратөбе көкпар командасының бүгінгі жетістігі мен Болат Жұмановтың жасаған тартуы – осының айқын дәлелі. Мұндай игі істер ұлттық спортымыздың дамуына серпін беріп, ел ішіндегі ынтымақтың жарқын үлгісін көрсетеді.
Р.Абай, 
Қаратөбе ауданы 
Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале