24.04.2017, 16:03
Оқылды: 58

Жұбан еліндегі жыр тойы

????????????????????????????????????

  Ақжайық ауданының орталығында ақын Сағынтай Бисенғалиевтің шығармашылық кеші өтті. Өнерін, талантын халқына арнаған азаматтарын халқы төбесіне көтеріп жатуы да заңдылық. Белгілі сөз зергері Ақұштап Бақтыгереевадан бастап, алыс-жақыннан ардақты жандар, игі жақсылар жиылып, иығына шапан жапқан бұл шара соны тағы бір мәрте жарқыратып көрсетіп берді.


     Қасиетті сахна төрі ең алдымен кітапқа тиді. Ақынның жаңа жыр жинағы – «Күрең күздің» тұсаукесер рәсімі үстінде аудан әкімі Әділ Жоламанов мерейтой иесінің бойындағы «бес қаруы» жайында айтып өтті. Сағынтай Орынғалиұлы өзіне күш-қуатты мына ұлы даламыздан, айбоздар рухынан, ой сайыпқырандарынан, жампоз жыраулардан алады. Бабалардан аманат жауһар құндылықтарды ұлықтауда оның азамат ретінде де, мәдениет саласының байырғы қызметкері ретінде де қолтаңбасы алысқа мәлім.

    Дәстүрлі ән-күйді насихаттаудың, «Өз өлкеңді өзгеден бұрын таны» атты танымдық жорықтардың басы-қасынан ұдайы табылатын ақынның орталықтандырылған кітапханалар жүйесі жанынан «Муза» шығармашыл оқырмандар отауын ашқанына он жылға таяды. Сағынтай ақынның өзі секілді, облыстық, республикалық айтыстарда дараланған жас айтыскерлер шықты.

   Сағынтайдың жыр сапары, ауыл-елге қызметі, еңбегі туралы онымен өмірде де, өнерде де жұп жазбай келе жатқан ақын Тілес Жазықбай кеш мінберінен түйіндеп баяндады.

       – Туған ауданың міне, тағы бір кітабыңды шығарып, басшы-қосшысы ұйысып қолдап, кішіге қол соқтырып, үлкендерді қуантып жеттің осы күніңе. Бұдан артық не керек. Елдің құрметі бұл. Елдің өзін-өзі құрметтеуі бұл,-деп сөз саптаған Ақұштап Бақтыгерееваның ауданның мәдени-рухани байлықтың туын биік ұстауына қуанышын ақтарған лебізін облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов «Шіркін, ел болса, осындай болсыншы. Осындай құрметті көрген ақында арман бар ма?!»,-деп іліп әкетті.

   Елдің өткенін, шежіресін түгелдеп жүргендіктен ғой, жұтынып тұрған жырларынан жауына төнген баһадүр бабаларымыздың ақырғаны, ақ найзаның гуілі, сұр жебенің суылы естілетін ақынды кім сүймейді. Мәртебелі тәуелсіздігіміздің тағдыры үшін жан-тәнімен күрескен, яғни тап мына қасымызда жүрген ауылдастарымыздың маңдай тердің майданындағы ерлігіне түйдек-түйдек жыр арнаған жыршыны кім көкке көтермейді. Танымал ақын, Жаңақала аудандық мәслихатының хатшысы Зәкария Сисенғалиев, Қазталов ауданының әкімі Нұрлан Бекқайыр, Атырау облысы Индер аудандық «Дендер» газетінің бас редакторы Жанай Амантурлин, композитор Ғұбайдолла Хибашев, басқа да өнер, мәдениет өкілдері осы жайында толғап, поэзияның жауынгерлік рухы, ел тағдыры үшін рухани күрескерліктің маңызы хақында тұжырымдады.

Болат ҚОСЖАНҰЛЫ

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале