Бүгін облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов ҚР Еңбек сіңірген қызметкері, доцент, «Көмек» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асқар Ақышевті қабылдап, 75 жасқа толуымен құттықтады.
– Сіздің еңбек жолыңыз – қоғамға үлгі. Бөрлі ауданында және Орал қаласындағы білім мекемелерінің басшысы қызметін атқардыңыз. Көпшілік сізді жаны таза, іскер адам, ұлағатты ұстаз ретінде таниды, – деген Марат Лұқпанұлы ақсақалға облыс әкімі Алтай Көлгіновтің атынан құттықтау хат пен этнографиялық кітапты табыс етті.
Асқар Ақышев әлі күнге дейін шәкірттері хабарласып тұратынын, соны ұстаздық қызметінің жемісі деп қабылдайтынын айтты. Ардагердің сөзінше, 1994 жылы облыстық есту және сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп-интернат кешені директоры қызметі болып тағайындалғанда, оқу орнына қызмет ететін арнайы мамандар тапшы болған. Бұл мәселенің шешімін табу үшін Ресейдегі жоғары оқу орындарының логопедтерін Орал қаласына сурдопедагог дайындауға шақыртуға тура келіпті. Мүмкіндігі шектеулі балаларды оқыту үшін мектеп мұғалімдері Ресей, Германия және Англиядағы мамандармен тәжірибе алмасқан.
- Бұл салада Германияның тәжірибесі озық деңгейде. Ол елде жыл сайын есту қабілеті нашар жандарға сабақ беретін 200-ден астам маман дайындайтын бір колледж бар. Қазақстанда, соның ішінде, біздің өңірде осындай орталықтанған оқу орындарын көптеп ашу керек, – деді Асқар Ақышев.
«Көмек» қоғамдық бірлестігінің төрағасы ұзақ жыл облыстық есту және сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп-интернат кешенін басқарды. 1990-1994 жылдары қалалық кеңес депутаты болды. «Услышать, понять, помочь...» кітабын құрастыруға жетекшілік жасаған ғалымның өмірбаяны «Қазақстанның үздік адамдары» энциклопедиясында жазылған. Сонымен қатар ардагер-ұстаздың есімі «Дүниедегі мейірімді адамдар» тізіміне енген.
Нұртай Текебаев
zhaikpress.kz