27.04.2017, 11:51
Оқылды: 31

«Жастар. Еңбек. Жаңғыру»

 

Ақжайық ауданының орталығы – Чапаевта осы тақырыппен облыс орталығынан, көршілес Атырау облысындағы Индер ауданынан өкілдер қатысуымен аудан жастарының форумы ұйымдастырылды. Шарада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласынан туындайтын парыз, міндет хақында баяндалды.


Алдымен 18 ауылдық округтің белсенді жастардың қатысуымен «Дін және жастар», «Әлеуметтік желі және жастар», «Кәсіпкерлік мүмкіндіктері, жұмыссыздықтың алдын алу жолдары» атты үш секциялық отырыс өтті. Мұның әрқайсысында облыс орталығынан келген мамандар жиналғандар алдында сөз сөйледі. Айталық, Батыс Қазақстан облысы Дін мәселелері басқармасының теологы Наурыз Ұбаев, «Жайық Пресс» ЖШС ақпарттық орталығының жетекшісі Нұрлыбек Рахманов, «Ақжайық» ФК баспасөз хатшысы Данияр Уәлиахмет діни сауаттылықтың маңызын, әлеуметтік желілердің пайдасы мен зиянын жан-жақты саралап берді.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерер палатасының бизнес-тренері Әсемгүл Қадырхан, осы палатаның аудандық филиалы маманы Батыр Әбдешев, аудандық жұмыспен қамту орталығының маманы Асылан Биғалиев жұмыссыздықпен күрес жайында сөз қозғап, кәсіпкерліктің қыр-сырын түсіндірді. Нәтижелі жұмыспен қамту, жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы, «Бастау Бизнес» бағдарламасы туралы егжей-тегжейлі айтылды.

-Ауданымызда ауылдарға ауыз су, газ құбырларын тарту, құрылыс жүргізу жұмыстары жүйелі жүзеге асып келеді. Мәдениет, спорттағы жетістіктер жоқ емес. Өршілдік танытып, елдің даңқын асқақтатып келе жатқан жастарымыз үшін қуанамыз. Сондай-ақ ойын еркін айтып, ұсыныс білдіре алатын жас буын өкілдері барда, қоғамның ілгерілейтіні сөзсіз. Кәсіпкерлікпен тұрақты айналысып жүрген балауса күштің қарасы қалың. Сіздер заманның талабына сай әрдайым ұмтылыс танытатындарыңызға сенеміз,-деді аудан әкімі Әділ Жоламанов сөзінде.

Рахмет ҚАЛИ

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале