Бұл туралы бүгін қазақ драма театрында «Білім. Туризм. Интеграция» тақырыбында өткен халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда белгілі болды. «Юнеско» клубтары федерациясының вице-президенті Ғани Бейсенбаев облыстық балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығы ұжымын Халықаралық ЮНЕСКО клубына мүше болуымен құттықтап, орталық директоры Виктор Фоминге осы ұйымның жалауы мен сертификатын табыстады.
Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов, «А.Остапец-Свешников» атындағы халықаралық балалар-жасөспірімдер туризмі және өлкетану академиясы» халықаралық қоғамдық ұйымының президенті Дмитрий Смирнов, «Юнеско» клубтары федерациясының вице-президенті Ғани Бейсенбаев, облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева қатысты.
- Туризм саласы – ел экономикасының күре тамыры. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар-рухани жаңғыру» атты мақаласында туған жерге, оның мәдениетіне, салт-дәстүріне айрықша көңіл бөлу қажеттігі туралы айтқан болатын. Елбасы қойған міндеттерді орындау қоғамның әрбір мүшесіне жауапкершілік жүктейді. Бұл сөзбен емес, іспен жасалуы қажет. Сондықтан да біз жастарымыздың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырып, олардың жауапкершілік сезімі мен белсенді азаматтық позицияларын қалыптастырып, тәрбие берудің маңыздылығын арттыруымыз қажет,- деді Марат Тоқжанов.
Облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаеваның айтуынша, елімізде балалар туризмін дамытудың 37 орталығы болса, соның 14-і біздің өңірде екен. Барлық орталықтар кәсіби деңгейде жұмыс жасауда. Қазіргі күнде өңірімізде 136 мектеп музейі жұмыс жасайды. Бұл бағытта Ақжайық, Зеленов, Жәнібек, Бөрлі, Бөкей ордасы, Жаңақала аудандарының мектептері белсенділік танытып жүр. Құзға өрмелеуді дамыту бағытында қала мен 12 ауданда 22 скалодром орнатылған. «Батыс-Wesn» атты БҚО құрамасы туристік көпсайыстан республикалық жарыстарға қатысып, 2015-2016 жылдары бірінші орынды иеленді. Спорттық туризм және құзға өрмелеу республикалық федерациясының рейтингісіне сәйкес өңіріміздің оқушылар құрамасы көш басында тұр.
Халықаралық конференцияға қатысушылар ішкі және сыртқы туризмді дамытудың өзекті мәселелері, Қазақстанда балалар мен жасөспірімдер туризмінің даму стратегиясы, мектеп музейіндегі іздестіру-зерттеу жұмыстары, музей педагогикасының білімділік кеңістігі тақырыбында ойларын ортаға салды.
Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ
zhaikpress.kz