Бүгін облыс әкімдігінің кіші залында ел Президентінің «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласы бойынша өңірде атқарылар шаралар туралы жиын өтті. Шараны облыс әкімі Алтай Көлгінов жүргізді.
- Өткен аптада Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның бірінші отырысы өтті. Облыс әкімдері сол комиссияның мүшелері ретінде бекітілген. Аталған отырыста ұйымдастыру мәселелері қарастырылып, ауқымды міндеттер жүктелді. Елбасы мақаласында көрсетілген бағыттарға сай өңірімізде қандай істер атқарылуы тиіс? Бүгінгі жиында осы жайында ақылдаспақпыз, - деді облыс әкімі Алтай Көлгінов өзінің кіріспе сөзінде.
Жиын барысында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бақытжан Нарымбетов «Туған жер» бағдарламасы, ҚХА облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ғайса Қапақов «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы, БҚО тілдерді дамыту басқармасының басшысы Махамбет Ихсанғали латын қарпіне көшу тақырыбына қатысты баяндама жасады.
Облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының айтуынша, «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру бағытында 2017 жылдың мамыр-желтоқсан айларына іс-шаралар жоспары жасақталған. Облысымызда аталмыш бағдарламаны іске асырудың үш негізгі бағыты көзделген. Бірінші – өлкетану жұмысы, оның ішіне білім беру, экология және абаттандыру, мәдени-тарихи ескерткіштерді тарихи қалпына келтіруді зерделеу мәселелері кіреді. Екінші бағыт – туған жерді қолдауға бірыңғай интернет портал құру, көмекке мұқтаж адамдардың картасы, еріктілер корпусы, туған жеріне көмек көрсетушілерді ынталандыру секілді жобалар жатады. Үшінші бағыт – аталған бағытта атқарылған істерге ақпараттық қолдау көрсету болып отыр.
ҚХА облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ғайса Қапақов «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасын іске асыратын концепцияны ұсыну үшін Ассамблея жанынан жұмыс тобы құрылатынын мәлімдеді. Аталмыш концепция 100 жаңа есімнің қандай талап бойынша анықталатынына жауап бермек.
Ғайса Хамидоллаұлының айтуынша, концепция республикалық деңгейде құрылады. Бұл орайда Ассамблеяның облыстық филиалы өз жұмысын аталған деңгейге сәйкестендіре отырып жүргізетін болады.
Ал облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайыновтың мәлімдеуінше, «Қазақстанның киелі жерлері» бағдарламасын іске асыратын тұжырымдама БҚО бойынша киелі орындардың картасын құру, Қазақстанның киелі орындарын зерттеуге және танытуға бағытталған шаралар, ішкі туризмнің даму бағдарламасын құрастыру секілді негізгі үш бағытты қамтиды.
Жарыссөзге көтерілген «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин Елбасы мақаласында жазылған рухани жаңғыру тақырыбына қатысты Орал қаласынан республикалық деңгейдегі ұлттық баспасөз музейін ашу және құлпытастарды зерттеу жобасын жүзеге асырудың маңыздылығына нақты мысалдар келтіру арқылы егжей-тегжейлі тоқталды.
«Қазақстан-Орал» телеарнасының директоры Асыланбек Ғұбашев өңірдегі ауыл атаулары, тарихы, сол ауылдан түлеп ұшқан белгілі тұлғалар, олардың игілікті істері туралы жаңа тележоба тұсауын кесетінін айтты.
ҚХА облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ғайса Қапақов тарихшы Жаңабек Жақсығалиев көтерген Орал қаласы іргесіндегі Хан тоғайын көпшілікке белгілі тарихи орынға айналдыру мәселесін қолдау қажеттігін айтты. Жаңабек Жаңабайұлы жиын барысында «Орал – казактардың қаласы» деген қолдан жасалған жасанды, жаңсақ тарихтың әсерінен қалыптасқан қоғамдық сананы сілкіп, кей деректер бойынша 13-14 ғасырлардан Бөкей, Жәңгір хандардың заманына дейін хан сайлау дәстүрі өткізіліп келген орынға Астанадағы «Хан шатыры» секілді қазақылықтың иісін шығарар көрнекті белгі орнату, өңірімізден табылған хандар құлпытастарының макетін орналастыру секілді бастама көтерген болатын.
Кеңеске қатысушы Қазыбай Бозымов болса, Жантас Набиоллаұлының ұлттық баспасөз музейін ашу туралы ұсынысын жүзеге асыруға көбірек көңіл бөлінсе деген ұсынысын айтты. Оның пікірінше, баспасөз тарихын зерттеудің ұлттық салт-дәстүрімізді, тарихымызды қалпына келтірудегі рөлі орасан зор. Аталған жобаны қолға алу – науқаншылдыққа салынбай, нақты нәтижеге жеткізер бірден бір жол болмақ.
Нұртас Сафуллин
zhaikpress.kz