Жәнібек ауданына Кеңес Одағының Батыры Мəншүк Мəметова атындағы із кесушілер отряды арнайы сапармен келді. Олар: Сергей Лапшин, Олег Приподчев, Сергей Сырица, Аңсар Уəлиев жəне Сағади Бекзат.
Қонақтарды аудан əкімінің орынбасары Біржан Меңешов қабылдап, із кесушілердің жұмыс жоспарларымен танысты. Өз кезегінде Сергей Лапшин мен Олег Приподчев өздерінің іздестіру жұмыстары жайын тілге тиек етті. Олар ауданымыздың Тау ауылындағы И.Жұмаев атындағы елді мекеннің Қандықұдық қыстағы тұсында құлаған ұшақты іздестіруге келді.
Біржан Нұрланұлы із кесушілерге аудан əкімдігі қолдау білдіретіндігін айтып, еңбектеріне толайым табыс тіледі.
-Қазақ жерінде соғыс жылдары құлаған ұшақ қалдықтарын табамыз деген ой болған емес. Мұндай жайт біздің жұмыста алғаш кездесіп отыр. Əзірге ештеңе айта алмаймыз. Бəріне уақыт төреші. Бар күшімізді салып жұмыстанамыз,- деді Сергей Лапшин.
А. ҚУАНҰЛЫ
zhaikpress.kz