Салтанат сарайында облыс әкімі Алтай Көлгінов ҰОС ардагерлерді салтанатты қабылдау шарасын өткізді.
Жиынды ашқан өңір басшы ардагерлерді Ұлы Жеңістің 72 жылдығымен құттықтады.
-Кеше Астанада Отан қорғаушылар күніне орай өткен әскери парадта Елбасы Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін құттықтап, біздің бүгінгі бейбіт күнге айырықша үлес қосқандарыңызды атап өтті. Ардагерлерді қолдау бағытында мемлекет тарапынан барынша жағдай жасалуда.
Біздің облысымыздан майдан даласына 76 мыңнан аса адам аттанды. Өкінішке орай олардың жартысы оралған жоқ. Ал аман-есен келгендер елді, халық шаруашылығын қалпына келтіруге атсалысты. Міне, осындай батырлықтарыңыз, ерліктеріңіз үшін біз сіздердің алдарыңызда бас иеміз. Дендеріңізге саулық тілей отырып, Ұлы Жеңістің 75 жылдығында осылайша кездесуге жазсын, - деген Алтай Сейдірұлы жиынға келген 37 ардагерге командир сағаты мен гүл тарту етті.
Өз кезегінде сөз алған ҰОС ардагерлері Иван Гапич, Алевтина Митрохина, Қалам Шүйіншәлиев, Ысқақ Өтеповтер майдагерлердің ерлігі, тылдағылардың еңбегі, мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлық туралы әңгімелеп, бүгінгі әдемі шара үшін өз ризашылықтарын білдірді.
Шара соңы жергілікті өнерпаздардың шағын концертіне ұласты.
Сəкен Əбілхалықов
zhaikpress.kz