Бүгін облыс әкімі Алтай Көлгінов іссапармен Тасқала ауданында болды.
Өңір басшысы Мерей ауылындағы су құбырын қайта жаңғырту жұмыстарымен танысты. Барлығы 23 шақырымды құрайтын су тарту жұмыстарын «Құрылыс Газ» компаниясы жүргізуде.
Аталмыш нысанды аралап көрген облыс басшысы Алтай Сейдірұлы өз сөзінде Елбасы тапсырмасы бойынша шалғай елді мекендерді таза сумен қамтамасыз ету мақсатында үлкен жұмыстар атқарылып жатқанын тілге тиек етіп, жұмыстың сапалы орындалуына баса назар аудару керектігін айтты.
Облыс басшысы Ақтау ауылының ақсақалдарымен кездесті. Бұлақ суынан дәм татып, оның тарихымен танысты. Ауыл тұрғыны Д.Дүйсенғалиевтің бұлақтан аққан суды далаға жібермей, мал суару мен бақша салуға сақтап қалу үшін бөгетке шлюз орнату қажет деген ұсынысын құп алып, осы жұмыстың орындалуына қол ұшын беретінін айтты және аудан әкіміне қажетті құжаттарды дайындауды тапсырды.
Сапар барысында өңір басшысы күрделі жөндеуден өткен «Шұғыла» балалар сауықтыру лагерінде болды.2016 жылдың қараша айынан бастап «Сәтті Сәулет» ЖШС жүргізген жөндеу жұмыстарына 99456870.24 теңге қаражат жұмсалды. Оның 90 пайызы республикалық, 10 пайызы жергілікті бюджеттен бөлінді.
Аталмыш нысанда төрт аусымда 150-ден аса бала демалатын болады. Алдағы уақытта тек жазғы ғана емес, қысқы демалысты ұйымдастыруға да мүмкіндік бар, -дейді аудан әкімі С.Әлиев.
Ә.Бекешева
Е.Елекенов
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz