Шыңғырлау ауданындағы кәсіпкер Александр Рудь осындай шара арқылы көлдегі балық санының өсімін қамтымақ. Көлді жақсы кәсіптің көзіне де айналдыруды ойлаған А.Рудь көлдегі балықты көбейтуді көптен жүргізіп келеді.
-Алдыңғы жылы осы көлге 3500 дана тұқы, мөңке және көксерке балықтарын жіберген едік. Былтырғы жылы 2500 дана тұқы балықты жібердік. Міне, енді 1 жылдық осындай тұқы балықтың жеті жарым мың данасын жіберіп жатырмын. Жыл сайын қысқы мұз қату кезеңінде балықтың тұншығуынан болатын шығындардың орнын толтыру мақсатында жыл сайын осылай толықтырып отырамыз. Күзге жақын тағы бір мәрте ересек балықтардан әкеліп жібермекшімін,- дейді кәсіпкер.
Балықтар Орал қаласындағы «Магистраль» ЖШС-нан сатып алынуда. Балық жіберу сәтіне аудан әкімі Альберт Есалиев, облыстық табиғат пайдалану ғылыми-зерттеу орталығының балық шаруашылығы жөніндегі ғылыми қызметкері Дмитрий Пилин, облыстық аумақтық инспекцияның Ақжайық балық шаруашылығы бөлімінің жетекші маманы Иван Провоторов қатысты.
Д.Пилин Шыңғырлау аумағындағы Жаңакүш су қоймасынан басқа Шаңды, Жыланды, Сұлукөл су қоймалары, Ащы өзеніндегі балық өсімі, судың жағдайы балық жемінің түрлері мен балық қоры және балық қорына нұқсан келтірмейтін аулау көлемі туралы мәліметтерді нақтылау бойынша тұрақты зерттеулердің жүріп жатырғандығын жеткізді. Ал, И.Провоторов өз құзіретіне қатысты Елек өзенінде балық аулауға 10 сәуір мен 15 маусымға дейін тиым салынғандығын ескертті.
Кәсіпкер А.Рудь алдағы жоспарларында аудан орталығынан балық өнімдерін сататын сауда орындарын ашуды көздеп отырғандығын, жалпы ауданды жергілікті өніммен қамтуға ат салысатынын айтып отыр.
Қаршыға Лекер
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz