26.05.2017, 17:22
Оқылды: 63

Жүйріктер жанып кетті

1   25 мамыр күні Жаңажол ауылдық округінде соңғы қоңырау мерекесіне орай 20 және 30 жылдық мектеп түлектері ат жарысын ұйымдастырған. Аталмыш жарысқа ауылдық округтерден 50-ге тарта бәйге аты қатысқан. Мерекелік шараның соңы мәстексайлық шабандоздар үшін қайғылы оқиғамен аяқталды.


   Ат жарысында қайтар жолда оқыс оқиға орын алып, бәйгеге шапқан тұлпарлар отқа оранды. Нақтырақ айтсақ, Мәстексай ауылының тұрғындары Ерболат Ибрашев, Нұржан Меңдалиев және Серікбол Аюпов есімді азаматтар Жаңажол ауылында өткен  ат жарысына 5 ат алып келеді. Жарыс аяқталған соң аттарын «Газель» автокөлігіне тиеп, ауылдарына қарай бет алады. Жаңажол ауылынан 2-3 шақырым шыға бере автокөліктің жабық қорабының ішіндегі ат астына төсеген сабан шөптен өрт шығып, сәйгүліктер тірілей жанып кетті.

5   - Автокөлігіміздің жанып келе жатқанын Жаңажол ауылынан 2-3 шақырым шыға бере байқадық. Басында автокөлік қорабының ішіндегі жылқылардың дүрсілін естігенмен жолдың шоқалағынан жылқылар теңселіп, құлап келе жатырған шығар деп аса мән бере қоймадық. Және автомагнитола даусынан жылқылардың дүбірін ести алмай қалдық. Отты байқап, тежегішті басқан кезде бәрі кеш болды. Жылқылар жанып кеткен. Оның ішінде ауылдасым Нұржан Меңдалиевтің 3 жылқысы, Аюпов Серікболсын деген оқушы баланың және өзімнің сәйгүлігім  болды. Енді оттың қайдан шыққанын нақты біле алмай отырмыз. Дегенмен машинадан лақтырылған шылым тұқылы түсіп кетуі мүмкін. Себебі автокөлік қорабының ішінде ешқандай жанғыш зат болған жоқ,-деді автокөлік иесі Ерболат Ибрашев.

   Жанып кеткен қылқұйрықтардың екеуі құны қымбат тұратын асыл тұқымды жүйріктер болса, үшеуі жергілікті жабы тұқымды жылқылар. Көлік ішіндегі адамдар аман.

Janakala at janip ketti

Нұрғали ҒАББАСОВ,

  Жаңақала ауданынан арнайы zhaikpress.kz үшін

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале