30.05.2017, 18:09
Оқылды: 95

Құрбан болған журналистерді еске алу шарасы өтті

Оралда саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болған журналистерді еске алу шарасы өтті. Биыл шыға бастағанына ғасыр толғалы отырған Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» газетінде қызмет етіп, саяси қудалауға ұшырап, «халық жауы» деп атылған 16 тілшінің суреті мен өмірбаяны, архив құжаттары қойылған көрме көпшілікке ұсынылды.


«Жайық Пресс» медиахолдингі ұйымдастырған шарада аталмыш мекеменің бас директоры Жантас Сафуллин зобалаң кезеңнің құрбаны болған қалам иелерінің өмірбаяндарына тоқталды.

- Газеттің бастауында тұрған тұлғалар – Ғұмар Қараш (1875-1921), Елеусін Бұйрин (1874-1933), Ғабдолғазиз Мұсағалиевтер (1888-1933) «отыз жетінің» ойранына жетпей жатып өмірден өтіп кетті. Ғұмар Қараш қылышпен туралды, Елеусін Бұйрин жат жерде, Тәжікстанда аштан өлді. Ал Ғабдолғазиз Мұсағалиев туған жерден алыста, Жетісуда жұмбақ жағдайда көз жұмған. Бұларға ресми түрде «халық жауы» айыбы тағылмаса да, есімдерін совет үкіметі кезінде айтуға мүлдем тыйым салынды. 1929-30 жылдары Қазақ АКСР-і халық ағарту халық комиссары (білім министрі) болған Нұғман Манаев  1938 жылы тұтқындалып, 8 наурыз күні атылған. Ол 1917 жылы шілдеде Орда қаласында шыға бастаған «Ұран» газетінде редактордың орынбасары. Манаев Уфадағы «Шығыс баспасы» баспаханасында әріп теруші, корректор, «Орал» газетінде жауапты хатшы, «Қызыл ту» газетінде редактордың орынбасары (кей деректерде редактор) болған,-деді Жантас Набиоллаұлы.

Батыс Алашорда қайраткері, ағартушы, ақын, журналист Ахмет Мамытұлы 1921 жылы «Қызыл ту» газетінде жауапты хатшы болады. Ол – әйгілі қазақ батыры Мәншүк Мәметованың әкесі. 1937 жылы «халық жауы» деген жаламен тұтқындалып, 1938 жылы атылған. Оралда «Сахара таңы» газетін шығаруға қатысып, 1937 жылы 4 қарашада атылған Уәли Забиров Абдрахманұлы, Орал губерниялық «Қызыл ту» газетінің 1920-23 жылдарғы редакторы, 1923-25 жылдары республикалық «Жас қайрат» («Лениншіл жас») журналында жауапты қызметтер атқарып, 1938 жылы сотталып, 1940 жылы лагерьде қаза болған Әлжанов Батырбек Хайроллаұлы, 1921-1923 жылдары «Қызыл тудың» бүкіл жүгін Батырбек Әлжановпен бірге көтерген,  1937 жылы тұтқындалып, 1938 жылы 26 ақпанда атылған Шайхы Жантілеуовтердің суреттері көрмеге қойылды. 1937 жылы ату жазасына кесілген «Қызыл ту» газетінің жауапты редакторы қызметін атқарған Алаш қозғалысының қайраткері, әдебиет сыншысы, абайтанушы Ыдырыс Мұстамбаев, 1937 жылы ату жазасына кесілген «Қызыл ту» («Екпінді құрылыс») газетінде бөлім редакторы болған Медеш Оралдиевтің де өмірбаяны таныстырылды. Сондай-ақ 1936-1937 жылдары «Екпінді құрылыс» газетінің жауапты редакторы болған, «Редактор кезінде алашордашылардың туыстарын қызметке алып, халық жауларын әшкерелейтін хаттарды жарияламай жасырды» деп айыпталып 1938 жылы 8 наурызда атылған Иманқұлов Сәтбек Сәрсенұлының үйін тінту кезіндегі хаттамалар, өлім жазасының орындалғаны жөнінде анықтама көрмеге қойылды.

1937 жылдың басында облыстық «Екпінді құрылыс» газетінің редакторы болып тағайындалған Ізбай Қошанов Нұржігітұлы «контрреволюциялық ұлтшылдарды бүркемелеп, қолдағаны үшін» 1938 жылғы 13 қараша күні Алматы қаласында атылған.

Қуғынға ұшыраған журналистердің арасында еліміздің бас газеті – «Егемен Қазақстан» газетінде де қызмет еткендер бар. Мәселен Қазталов ауданында өмірге келген Халел Есенбаев 1919 жылы Ордада «Қазақ дұрыстығы», «Дұрыстық жолы» газеттері мен «Мұғалім» журналының алқа мүшесі болған. 1919 жылғы 17 желтоқсанда Орынборда «Ұшқын» («Егемен Қазақстан») газетінің бірінші нөмірі Х.Есенбаевтың редакторлығымен жарыққа шықты. Ол да 1938 жылы «Халық жауы» деген жаламен атылған.

Алаш қозғалысына қатысушы Әбдірахман Байділдин 1921-1922 жылдары Орынборда «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің редакторы болып істеген. 1922-1923 жылдары Орал облыстық партия комитетінің үгіт және насихат бөлімінің меңгерушісі, «Қызыл ту» (қазіргі «Орал өңірі» газеті) газетінің редакторы болған ол 1931 жылы ату жазасына кесілген. 

1924-1925 жылдары  «Еңбекші қазақ» («Егемен Қазақстан») газеті редакциясының хатшысы, 1925 жылдың шілдесінен бастап 1927 жылға дейін Орал губерниялық «Қызыл ту» газетінің хатшысы болған, 1929 жылдың желтоқсанынан «Еңбекші қазақ» газеті бас редакторының орынбасары болған Сүгіров Рахым Сүндетұлы 1938 жылы 34 жасында атылған.

1925-1928 жылдары «Еңбекші қазақ» («Егемен Қазақстан») газетінде әдеби қызметкер, 1933 жылы Орал облыстық «Екпінді құрылыс» газетінің жауапты редакторы болған Елжас Бекенов те 1938 жылы саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болды.

Шара барысында облыстық мешіт өкілі, имам Мұратбек Жахатов жазықсыз құрбандарға бағыштап Құран оқыды. Баспасөз тарихын зерттеу орталығы басшысы Қазбек Құттымұратұлы мен «Орал өңірі» газеті бас редакторының орынбасары Есенжол Қыстаубаев қуғын-сүргін құрбандары жайлы деректердің қалай табылғаны жөнінде әңгімеледі.

- Сол кезеңде идеологиялық майдан газет бетінде жүрді. Әсіресе журналистика саласы қызметкерлерінің тағдыры қылыштың жүзінде, оттың ортасында, арыстанның аузында жүргендей әсер қалдырады. Архив ақтарып отырғанда осындай сезімде болдық. Бәрінің суреті бір жерге қатар тұңғыш рет ілініп отыр. Суреттерін, деректерін әр жерден тірнектеп жинау оңай болмады. Бұл – бірнеше жылғы жұмыстардың нәтижесі, - деді Қазбек Құттымұратұлы

Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледж студенттері Мамут Зафура мен Нығметжан Зейнұр өлең оқыды.

Батыс Қазақстан облысы бойынша 1937 жылы 853 адам қуғындалып, оның 335-і атылған. 1938 жылы 936 адам тұтқындалып, оның 690-ы атылған.

Нұрлыбек Рахманов,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале