1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Батыс Қазақстан облысы «Нұр Отан» партиясы Орал қалалық филиалының ұйымдастыруымен мәдени-спорттық шарасы өтті.
«Көңілді старт» деп аталатын сайыс «Алау» балалар аула клубы мүшелерінің қатысуымен «Бақытты отбасы – бақытты балалық шақ» партиялық жобасы аясында өткізілді. Аталмыш клубтың бүгінде сексенге жуық тәрбиеленушісі бар. Балалардың бос уақытын ұтымды ұйымдастырып, оларды жан-жақты тәрбиелеу мақсатында құрылған клубта футбол, дойбы спорт секциялары, «Жас эколог» және «Гүлдер» вокалдық үйірмелері жұмыс жасайды.
«Көңілді старт» бұған дейін қолайсыз табиғат жағдайларына байланысты ашылмай жүрген, сондай-ақ балалардың асыға күткен «Жазғы алаңның» ашылуына түрткі болды.
-Эстафеталық ойындардан тұратын жарыстың басты мақсаты жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын қалыптастырып, аула балаларына достықты насихаттау, - деді өз құттықтау сөзінде «Нұр Отан» партиясы Орал қалалық филиалының консультанты Айман Сүндетқалиева. -«Нұр Отан» партиясының саяси Доктринасында отбасы құндылықтары мемлекеттілігімізді дамытудың кепілі ретінде қарастырылады. Өйткені, отбасы – Отанның бастауы, тәрбие ұясы. Ал, бейбіт күннің балалары – еліміздің болашағы. Сондықтан, балаларға қамқор болу, оларды тәрбиелеу – қоғамның ортақ жұмысы».
«Алау» балалар аула клубының меңгерушісі Дариға Ақболатова өз сөзінде осындай спорттық ойындар балалардың достық қарым-қатынасын нығайтып, ортаға бейімделуіне ерекше әсер ететінін жеткізді. 7-13 жас аралағындағы балалардың қатысуымен өткен ойын кезеңдері тартысты әрі көңілді өтіп, барлық қатысушыларға шағын сыйлықтар үлестірілді.
Назгүл Қожанбаева,
"Нұр Отан" партиясының
БҚОФ баспасөз хатшысы
zhaikpress.kz