2.06.2017, 18:20
Оқылды: 47

«Мемлекеттік мекемелердегі Елтаңба 1 шілдеге дейін ауыстырылуы керек»

Бүгін өңір басшысы Алтай Көлгіновтің төрағалығымен облыс әкімі жанындағы ҚР Мемлекеттік рәміздері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиынға аудан әкімдері селекторлық режимде қатысты.


Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бақытжан Нарымбетовтің мәлімдеуінше, биылғы сәуір айында мемлекеттік рәміздерді тексеру бойынша инспекциялық топ Сырым және Қаратөбе аудандарына мониторинг жүргізген. Нәтижесінде рәміздердің қолданылуында мемлекеттік стандарттың сақталмауына қатысты бірқатар олқылықтар анықталған. Әсіресе, мекеме сыртына орналастырылған мемлекеттік рәміздерді түнгі уақытта жарықтандырудың қарастырылмауы – көп кездесетін кемшілік.

Өз кезегінде аталған аудан әкімдері мемлекеттік рәміздердің қолданылуына қатысты қателіктердің түгелдей түзетіліп, стандартқа сәйкестендірілгенін дәлелдейтін фотоайғақтар көрсетті. Ішкі саясат басқармасының басшысы Елтаңбаға латун түсі енгізілгенін және оның бөліктеріне байланысты бұрынғыға қосымша атаулар қосылғаны туралы да айтып өтті. Жаңа талап бойынша әрбір сатып алынған Елтаңбаның қолданылу мерзімі үш жыл болып шектелген. Барлық мекемелердегі ҚР Мемлекеттік Елтаңбасы жаңа талапқа сай келетіндей етіп 2017 жылдың 1 шілдесіне дейін ауыстырылуы керек.

Нұртас Сафуллин

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале