6.06.2017, 10:38
Оқылды: 41

Шолақаңқатыда 3G қосылады

Сырым ауданында аудан әкімдігінің ашық есігі күндері басталды. Сырым ауданының әкімі Абат Шыныбеков әріптестерімен бірге Шолақаңқаты ауылдық округіне қарасты Тоғанас, Аңқаты, Құспанкөл және Қарағанды елді мекендерінде тұрғындар үшін кездесу өткізді. Мекеннің әл-ахуалы жайлы хабарламаны округ әкімі Тимур Айтқалиев айтты.


Биыл Шолақаңқаты ауылдық округі бойынша 4 бірдей елді мекен көгілдір отынға қосылады. Аудан әкімі Абат Шыныбековтің айтуынша, бұл елді мекендерге жоғары қысымды газ құбыры шілде айының басында жеткізіледі. Ішкі жұмыстарды жүргізуді мердігер «ЭкодашиГАЗиК» серіктестігі мойынына алған. Серіктестің директоры Қазыбек Хайдаров тұрғындарды тұрғын үйлерді көгілдір отынға қосу үшін тиісті төлемдерін ендігі төлеп, елге ортақ жұмысқа атсалысуға шақырады. Халық қолдаса, ол барынша ыждағатты жұмыс жасауға дайын.

Кездесуде аңқатылықтар табиғат ресурсы мен санитарлық тазалық мәселесіне үлкен алаңдаушылықтарын білдірді. Ауылдағы құдықты да жөндеген жөн. Құспанкөлдіктер ауылға техникалық су керектігін айтты. Техникалық судың арғы жағында бақша шаруашылығы «шолақаңқатылықтар» үшін ыңғайлы бір кәсіптің шеті шығып тұр.

Су дегеннен шығады, округ орталығындағы тұрғындар ауыз судың сапасы төмен деп шағымдануда. Бұл шағымды кездесу біткесін, бізге келіп жолыққан ауыл тұрғындарының өз ауызынан естідік. Олардың айтуынша, күнделікті тұтынатын ауыз судан бөгде дәм сезіле бастағалы біраз болған. Тоғанастық жұрт осы мәселе тиісті лауазымды  тұлғалардан жауап күтеді.

Тоғанас ауылындағы «емі жоқ» бір аурудың бірі – жарықтың жиі сөнуі. Осымен, ауылдағы М. Маметова, Қ. Мұңайтпасов атындағы көше мен 8 наурыз көшесінде жарық екі күннің бірінде сөніп тұр. Соңғы мәселені өзі тыңдаған аудан әкімі Абат Шыныбеков жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмаларды берді.

Қарағанды елді мекені – аядай ауылдардың бірі. Халықтың дені мал шаруашылығымен айналысады. Шаруалар ауылдың жанындағы Есенаңқаты өзенінен өткел салуды ұсыныс етіп айтты. Ел айтқасын, өзенді әкімнің өзі барып көрді. Жаңалығы сол, өткел салынады.

Шолақаңқаты ауылдық округінде бірер айдан кейін «3G» жылдамдықтағы мобильді байланыс қосылады. Бұл туралы округ әкімі Тимур Айтқалиев айтты.

Аудан әкімі Абат Шыныбеков осы күні Сегізүй ауылында да болды. Ол жерде балық шаруашылығына кіріскен еңбекшілермен кездесті.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале