Шыңғырлау ауданы Алмаз ауылында өмірден ерте кеткен белгілі әнші-термеші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қалампыр Рақымқызын (1949-1988) еске алуға арналған «Шырқа, даусым, шарықта!» атты облыстық термешілер байқауы өтті.
Алдымен ауылдық мәдениет үйінде әншінің бейнесі салынған ескерткіш тақта ашылды.
Аудан әкімі Альберт Есәлиев осынау шараның Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылғанындай, туған жерден түлеп ұшып, елдің ардақтысына айнала білген Қалампыр Рақымқызындай біртуар асылдарымызды ұлықтауға арналғанын жеткізіп, Алматыдан арнайы келген әншінің әріптесі, өнердегі жанашыр, қолдаушысы бола білген Гүлбаршын Жарылғасыноваға алғысын айтты. «Рухани жаңғыру әр ауылда болуы керек. Міне, Елбасы тапсырмасына сәйкес осы мақсатта Алмаз ауылына өткен жылы 500 млн астам теңге бөлініп, жергілікті мектеп, мәдениет үйі, фельдшерлік-акушерлік пункт жөнделіп, қос бірдей жаңа көлік берілді. Қайта түлеген мәдениет үйінде елдің рухын көтеретін мұндай шаралар алдағы уақытта да ұйымдастырылатын болады», - деді әкім.
Ақын, журналист Қаршыға Елемесовтің айтуынша, Алмаздың мерейін көтерген термешілер байқауына облыс орталығы мен әр ауданнан келген үміткерлер бірден үш ән орындады. Бұл ретте олардың ән мәтінін толық білуі, иірімдерін жеткізуі, домбыра шерту шеберлігі, сахна мәдениеті мен тәртібін сақтауы есепке алынды. Алмаз аспанында халық ән-термелері, Мұхит пен Ғарифолла Құрманғалиевтің әндері, бір кезде Қалампыр шырқаған туындылар асқақтады.
Сайыс қорытындысында белгілі әнші, «Мұхит Мерәліұлы» қоғамдық қорының төрағасы, ҚР Мәдениет қайраткері Сағадат Рахметжанов бастаған қазылар алқасының шешімімен Орал қаласынан келген Құрманғазы атындағы музыка колледжінің студенті Әмина Ғайнединова бас жүлдені (100 мың теңге) жеңіп алды. Ақжайықтық Зинат Қасымова бірінші, тасқалалық Бейбіт Қажығалиев пен қаратөбелік Нұршат Ислямғалиев екінші, Ақжайық ауданының тағы бір өкілі Ардақ Омар, шыңғырлаулық Индира Нығметова, сырымдық Армат Алдамжаров үшінші орынға ие болды. Оларға да ақшалай сыйлықтар табыс етілді.
Елжан Ералы
zhaikpress.kz