12.06.2017, 17:00
Оқылды: 149

Сағынғали Сейітовке - 100 жыл

Akjayik Sagingali Seytov    Әдебиеттану ғылымында өзіндік орны бар зерттеуші, сыншы, ақын Сағынғали Сейітов осы шоғырдағы мақтаулылардың бірі. Оның қастерлі қаламынан шыққан дүниелері поэзияға әкелген мол байлық болды. Көптеген жыр жинақтарымен қазақ поэзиясының қоржынын толтырды. Оның туған жеріне, яғни, кіші отанына деген іңкәр сүйіспеншілігінен туған өлеңдерін ақжайықтықтар шынайы мақтан тұтады.


   Жайық бойынан түлеп ұшқан қарымды қаламгердің туғанына биыл – 100 жыл. Осы датаға арналған кезекті шара Ақжайық ауданының Құрайлысай ауылдық округінде өтті. Ол осы ауылға қарасты Қандық мекенінде дүниеге келген.

   Қазақ әдебиетінің көрнекті өкіліне айналған сөз зергері жайында ақын Сағынтай Бисенғалиев жүргізген «Сағынғалидың сырлы әлемі» атты осы әдеби кеште жан-жақты баяндалды. Жиналғандар алдында аудан әкімінің орынбасары Тілек Ғабдушев құттықтау сөз сөйледі.

   – Бұл жыл ауданымыз үшін көптеген атаулы даталармен есте қалары сөзсіз. Соның ішінде әдебиеттануға жетпіс жылын сарп еткен Жайық өңірінің аяулы перзенті Сағынғали Сейітовтың 100 жылдығын атап өтумен ерекшеленбек. Аудан орталығында ақынның кеудетұғыры орнатылады. Ең бастысы – оның өшпес шығармашылығының мән-маңызын білуімізде, оқып-үйренуімізде. Рухани серпіліс жолы деген сол. Түрлі байқау, дәрістер ұйымдастырылатын болады. Үлкендер де, жастар да бұларға белсене қатысса, нұр үстіне нұр,-деді ол.

   Талап орта мектебінде С.Сейітов атындағы сынып ашылады. Бүгінде кітаптары, басқа да дүниелер жинақталып, жасақталуда. Аудан әкімінің орынбасары Тілек Ғабдушевтың айтуынша, ақын ұрпақтарынан оның тұтынған заттары мен кітапханасының біраз бөлігі туған жеріне көшіріледі. Бұлардың бір бөлігі осы сыныпқа орналастырылады, басқа да құнды дүниелері аудан орталығындағы тарихи-өлкетану музейіне қойылмақ.

Рахмет ҚАЛИ

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале