Облысымызда Сенат депутаттығына үміткер кандидаттардың есімі белгілі болды. Бұл туралы бүгін Қазақстанның Орталық коммуникациялар қызметі облыстық филиалының алаңында өткен баспасөз брифингінде айтылды. Сондай-ақ облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Қапақов ҚР Парламенті Сенатының депутаттарын сайлауға дайындық барысы туралы баяндады.
Ағымдағы жылы 29-сәуір мен 28-мамыр аралығында ҚР Сенатының депутатына кандидаттарды ұсыну жүргізіліп, біздің облысымыздан кандидат ретінде бес үміткер ұсынылған болатын. Барлық кандидаттар өзін-өзі ұсыну тәртібімен ұсынылды.
- Облыстық сайлау комиссиясының қорытындысы бойынша үш үміткер (Н.Төреғалиев, В.Голоухов, Н.Сертеков) іріктеуден өтті. Ал өз өтініштері бойынша М.Абдрахманов пен Қ.Бозымов өз кандидатураларын алып тастады. Маусым айының 8-нен бастап 27-не дейін сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстары жүргізілетін болады, соған сәйкес таңдаушылармен кездесу өткізу кестесі бекітілді. Жоспарға сай бұқаралық ақпарат құралдарында облыстық сайлау комиссиясының құрамы мен тіркелген кандидаттар туралы мәліметтер жарияланды- деген Ғайса Хамидоллаұлы, сайлау жұмысына дайындық алдағы күндері күнтізбелік жоспарға сай жалғасатынын жеткізді.
Жиын соңында облыстық сайлау комиссиясының төрағасы журналистердің сұрақтарына жауап берді.
Ләззат ШАҒАТАЙ,
zhaikpress.kz