15.06.2017, 10:58
Оқылды: 54

Перзентханадан шыққан сәби көз жұмды

Bala kaitti    БҚО денсаулық сақтау басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, Орал қаласындағы педколледжде оқитын А. есімді 1998 жылғы студент (негізгі тұрғылықты жері - Бөкей ордасы ауданы, Мұратсай ауылы) облыстық перинаталдық орталыққа 6 маусым күні 2 сағат 20 минутта жедел жәрдеммен түскен. 8 маусым күні босану бөліміне ауыстырылып, сол күні 17 сағат 45 минутта салмағы 3 кг, бойы 50 см қыз бала дүниеге келген. Дәрігерлердің бақылауында болып, кеңес алған А. 10 маусым күні сағат 16.00-де сәбиімен бірге қанағаттанарлық жағдайда туыстарының қатысуымен үйіне шығарылған.


    Оқиғадан хабардар адамдардың айтуынша, жас ата-ана (екеуі де студент) бір күннен кейін сәбиімен бірге автокөлікпен Бөкей ордасы ауданындағы Мұратсай ауылына жету үшін алыс жолға шыққан. Алайда жолшыбай жаңбырға тап болып, көліктері батып, жол ұзара түскен. Қазталовтан кейін Жәнібек ауданы аумағында сәби үзіліп кеткен. Алдын ала мәліметке қарағанда, сараптама қорытындысына сәйкес нәресте құсығына тұншығып қалған.

   Қазіргі кезде оқиғаның жай-жапсары анықталу үстінде. Айта кетейік, Бөкей ордасы ауданы облыс орталығынан бес жүзден астам шақырым қашықтықта жатыр. Қазталов ауданындағы Жалпақтал ауылынан шыққаннан кейін қатқыл табанды жол жоқ. Жауын-шашынды, лайсаң күндері митыңдап он шақты сағатқа дейін жол жүруге тура келеді.

Елжан Ералы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале