Облыс әкімі Алтай Көлгінов Зеленов және Тасқала аудандарында жұмыс сапарымен болып, бірқатар құрылыс нысандарын аралады.
Облыс әкімі Переметный ауылындағы жыл соңында пайдалануға берілетін спорттық кешенде және Деркөл өзені бойында салынып жатқан су қоймасында болды. Өңірімізде "Нұрлы жол" бағдарламасы бойынша салынып жатқан Тасқала-Озинки бағытындағы жол құрылысы да облыс әкімінің назарынан тыс қалмады. Тасқала ауданының орталығында болған облыс әкімі көшелерге төселіп жатқан тас жолдарға, абаттандыру жұмыстарына, бой көтерген спорттық алаңқай құрылыстарына оң бағасын берді.
-Бүгінгі жұмыс сапарымыздың басты мақсаты - аудан-ауылдардағы жүргізіліп жатқан құрылыс нысандарының сапасы мен орындалу мерзімін қадағалау. Сонымен қатар, келер жылғы атқарылатын жұмыстарды маңыздылығына қарай жоспарлауымыз керек,-деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.
Нұрбек Оразаев
zhaikpress.kz