Биыл - Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің құрылғанына 25 жыл. Айбынды армия сапында қызмет ету – әрбір азаматтың борышы. Бүгін ҚР Қорғаныс министрлігінің №66597 бөліміне қабылданған жастар әскери міндетін өтеуге Қызылорда қаласына аттанды.
Соған байланысты Орал қаласындағы Жеңіс алаңында салтанатты жиын өтті. Алаңда ҚР Ұлттық ұланның 5517-әскери бөлімі, әскери клубтардың мүшелері, колледж студенттері мен мектеп оқушылары сап түзеді. Кейін мемлекеттік әнұран орындалды.
– Елбасымыз армия тәуелсіз республиканың берік қалқаны екенін айтты. Еліміздің шекарасы мен азаматтар қауіпсіздігін қайсар жауынгерлер қорғап тұр. Мемлекетімізді қорғау жолында әскери қызметте шыңдалу оңай емес. Ата-бабаларымыздың жауынгерлік дәстүрін еркін меңгеріп, соған адал болатындарыңызға сенеміз. Қай заманда болмасын, елді қорғау қасиетті борыш ретінде есептеледі. Екінші дүниежүзілік соғыста 39 батысқазақстандық сардар Кеңес одағының батыры атанды. Ахмедияр Құсайынов, Сүндетқали Есқалиев, Леонид Беда және Мәншүк Мәметова сынды өр тұлғалардың есімін мақтанышпен айтамыз. Елбасымыз мемлекеттің қорғаныс жүйесін нығайтуға зор көңіл бөлеуде. Соңғы екі жылда Орал қаласында еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 3 әскери кемені жасап, пайдалануға берді. Әскер қатарына шақырылғандарға қасиетті парызын абыроймен атқаруына тілектестік білдіремін, – деді жиынға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексов.
Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің басшысы, полковник Амангелді Қаленов Қазақстанның Қарулы Күштері қатарында қызмет еткен азамат ерлік тағылымы мен жауынгерлік дағдысын бойға сіңіретінін, ол үшін тәртіпке мойынсұнып, командир бұйрығын қалтқысыз орындаудың, жауапкершілікті сезінудің маңызы зор екенін айтты. Оның сөзінше, әскери міндетін атқарған жауынгердің ерік-жігері шыңдалып, ерекше қасиетке, абырой-беделге ие болады және қоғамда өз орнын табады. Департмент басшысынан кейін ҚР Қарулы Күштерінің ардагері Николай Дегтяров және ауған соғысына қатысқан Анатолий Боровский сөйлеп, ізгі тілегін жеткізді. Жиында армияға аттануға бекінген жастарға ресейлік «Сбербанк» АҚ еншілес банкі филиалының директоры Александр Бурахта атынан шағын сый-сияпат табысталды.
Нұртай Текебаев
zhaikpress.kz