13.10.2017, 22:26
Оқылды: 33

Қарашығанақ: жиырма жылдық жетістік

Қарашығанақ мұнай-газконденсаты кен орны көмірсутегі шикізатының қоры бойынша әлемдегі ең бай кен орны саналады.

Өңірдің інжу-маржанына теңелетін кен орнын игеру жұмыстарымен бірнеше шетелдік компанияларды біріктірген «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б.в.» компаниялар консорциумы айналысады. Биыл шетел инвесторлары мен қазақстандық тарап арасында Өнімді түпкілікті бөлу туралы негізгі келісімшартқа (ӨБЖНК) қол қойылғанына 20 жыл толды.

received_750598391804914Аталмыш мерейтойға орай облыстық қазақ драма театрында мерекелік шара өтті.
Салтанатты жиын «Қарашығанақ: жиырма жыл сәтті серіктестік» бейнефильмінің көрсетілімінен басталды. Одан кейін облыс әкімі Алтай Көлгінов құттықтау сөз сөйледі.

- Қарашығанақтың еліміздің экономикасын дұрыс қалыптастыруда еңбегі зор. Бұл, біріншіден, Елбасының шетелдік инвестицияларды тартуға қолайлы жағдай жасау жөніндегі тапсырмаларының жүзеге асуының нәтижесі. Қаншама трнсұлттық компания Қазақстанның аумағына келіп, нәтижелі жұмыс жасауда. Соның арқасында жергілікті компаниялар әлемдік стандарттармен жұмыс жасауды үйреніп келеді. Мемлекетіміздегі газдың 45 пайызын өндіруде, көмірсутегі өнімдерінің 16 пайызын игеруде. Сонымен бірге әлеуметтік нысандарға үлкен қолдау көрсетілуде. Осы 20 жылдың ішінде тек біздің өңірімізге 320 миллионнан астам АҚШ доллары шамасында инвестиция құйылды. Оған 28 білім, 18 денсаулық сақтау нысандары, яғни ауруханалар, емханалар, мектептер, балабақшалар салынды. Сонымен бірге жол жөндеу, газ желісін тарту, су жеткізу сықылды маңызды әлеуметтік мәселелер оң шешімін тауып келеді. Биыл өңірімізде компанияның қолдауымен 45 жоба іске асырылуда. Мыңдаған адам жұмыспен қамтылып отыр. Тек кен орнының өзінде төрт мыңнан астам еліміздің азаматтары жұмыс істеуде. Мердігерлік компанияларды қоса алатын болсақ, 20 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған болып шығады. Бұл – отандық экономикаға үлкен қолдау. Сонымен бірге жаңа технологияларды қолдануды үйренуде. Жергілікті зауыттар өздерінің жұмыстарын жандандырып келеді. Осы жұмыстардың барлығы бірге атқарған нәтиже деп айтуға болады. Ірі жобаның бастауында тұрған осы залда отырған ардагерлерге, акционерлерге, қонақтарға алғыс айтамын. Қарашығанақ жобасы 1979 жылы басталып, 1984 жылы өндіріс қолға алынды. Келісімшартқа қол қойылғалы бергі 20 жыл ішінде оң нәтиже көп. Бұл да ел Тәуелсіздігінің жемісі деп айтуға болады. Баршаңызды осы мерекемен құттықтаймын,- деді Алтай Көлгінов.

«ҚПО б.в» компаниясының бас директоры Ренато Мароли Қазақстан Республикасы мемлекеттілігінің қалыптасуына, егемендігінің нығаюына, әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін Мемлекет басшысының Жарлығымен «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалімен марапатталды. Медальды салтанатты жиында облыс әкімі табыс етті.
Жиын барысында ҚР Энергетика министрлігінің, Инвестиция және даму министрлігінің, ҚР Парламенті Сенаты және Мәжілісінің батысқазақстандық депутаттарының, Атырау және Ақтөбе облыстары әкімдерінің құттықтаулары оқылды. «PSA» ЖШС-ның бас директоры Мұрат Жүребеков, Қарашығанақ жобасы бойынша еншілес компаниялардың өкілдері «ЭНИ» компаниясының Орта Азия өңірі бойынша атқарушы вице-президенті Лука Виньяти, Қазақстандағы «Шелл» концернінің төрағасы Оливье Лазар компаниялар консорциумын 20 жылдық мерейтоймен құттықтады.

«KAZENERGY» қауымдастығының атқарушы директоры Р. Қабжанов «ҚПО б.в.» компаниясының бір топ қызметкерлерін қауымдастық атынан марапаттады. «Қазсервис» Қазақстандағы мұнайгаз және тау-кен саласындағы сервистік компаниялары одағы президиумының төрағасы Рашид Жақсылықов консорциум үжымдарын мерейтоймен құттықтап, компанияның бас директоры Ренато Маролиге аталмыш одақтың атынан«Мұнай-газ кешенін дамытуға қосқан үлесі үшін» медалін табыстады. Ал, «ҚР Журналистика академиясының академигі, «Petroleum» сараптамалық журналының бас редакторы Олег Червинский Қазақстанның медиа кеңістігі атынан Р.Маролиге «Бизнесті ашық жүргізгені және баспасөзге ашықтығы үшін» аталымы бойынша символдық мәні бар марапатты ұсынды.
Жиында «ҚПО б.в.» компаниясының бас директоры Ренато Мароли Өнімді түпкілікті бөлу туралы негізгі келісімшартқа қол қойылғанына 20 жыл толуымен құттықтап, кен орнын игеру жұмыстарының бастауында тұрған ардагерлерге алғыс айтты.. Сондай-ақ өңірді тұрақты дамыту бағытындағы және кен орнын игерудегі серіктестіктің алда жалғаса беретініне сенім білдірді.
Салтанатты шара облыстық филормонияның әртістерінің, «Дәулет пен Гүлхан» дуэтінің, халық әртісі Роза Рымбаеваның орындауындағы әндермен өріліп отырды.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,
«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале