ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департаменті мен Халыққа қызмет көрсету орталығының бірлесіп ұйымдастыруымен мемлекеттік көрсетілетін қызметтер жәрмеңкесі өтті.
Айта кету керек, мұндай шара өңірімізде тұңғыш рет ұйымдастырылып отырғандықтан шығар, шараға қатысушылар саны аз болды. Дегенмен, шараның өтетіні туралы құлақтанып үлгірген тұрғындар Орал қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, Орал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөліміне, денсаулық саласының мамандарына және Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлеріне жолығып, қажетті кеңестерін алды.
- Бұл шараның басты мақсаты – мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру үрдісіне барлық мүдделі мемлекеттік органдарды жұмылдыру және көрсетілетін мемлекеттік қызметтер туралы ақпараттандыру деңгейін көтеру. Шара барысында сала мамандары келушілерге электронды форматта қандай қызметтер көрсетілетінін айтып, бұл қызметтерді пайдалану тәртібін түсіндіруі тиіс. Облыс бойынша электронды түрде көрсетілетін қызметтер көрсеткіші әзірге 41 пайызды құрап отыр. Бұл, әрине, аз. Мұның себебі, халықтың электрондық қызмет жөніндегі ақпараттану деңгейі төмен. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін осындай шараларды алдағы уақытта да ұйымдастыратын боламыз, бірақ басқа форматта. Халықтың электронды қызмет туралы түсінігінің кеңеюіне мекемелердің өздері де атсалысуы керек. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, электронды көрсетілетін мемлекеттік қызметті қалалықтар ауыл тұрғындарына қарағанда жақсы пайдаланады. Ал шалғай ауылдардың тұрғындарына электронды қызмет түрлерін пайдалану қиын, өйткені, олардың қайсыбіріне ғаламтор желісі қосылмаған. Сол себепті электронды қызмет түрін пайдалану көрсеткіші кейбір аудандарда өте төмен, -деді өз сөзінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департаменті мемлекеттік көрсетілетін қызметтер басқармасының басшысы Бауыржан Ибрашев.
Айша ӨТЕБӘЛІ,
«Орал өңірі»