14.12.2017, 18:24
Оқылды: 68

Бүгін ашылған спорт кешенінде қазақ күресінен республикалық турнирдің финалдық кезеңі өтті

Зеленов ауданы орталығында ашылған дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылу салтанатынан кейін, ауданның спортсүйер қауымы қазақ күресінен өткен республикалық турнирдің финалдық кезеңін тамашалады.

Ұлы мереке Тәуелсіздік күніне орайластырылған палуандар бәсекесіне кілең мықтылар жиналды. Алдымен, көрермен қауым алдына үшінші орынның жүлдесін сарапқа салған 2016 жылғы «Қазақстан барысы» турнирінің қатысушысы, қаратөбелік Дархан Темірханов пен ҚР спорт шебері, 2017 жылы «Қазақстан барысы» турнирінде бақ сынаған ақтөбелік спортшы Шыңғыс Шоқпытов шықты. Бір-бірін аңдысып баққан қос палуанның күресі көпшілікке ұнады. Алдымен тәжірибелі Шоқпытов Дархан палуанның тізесін жерге тигізіп, бүк ұпайын алды. Намыс қысқан Темірханов та шабуылға ден қойып, ұпай санын теңестірді. Осылайша өліспей беріспеген екі палуан күресінің соңғы минуты басталған бойда Шыңғысты қарсы әдіске ұстай білген қаратөбелік палуан таза жеңіске жетті.

Ал финалдық сында Зеленов ауданы намысын қорғаған ҚР Спорт шебері 2016 жылы «Қазақстан барысы» турнирінде бақ сынаған Олжас Сүлейменов пен биылғы «Қазақстан барысы» Еламан Ерғалиев кездесті.

Жас болса да талай сында жүлдені бермеген Еламан палуанға қарсы тұрған Олжас та мықты екен. Шабуылға үсті-үсті шығып, Қазақстан барысын састырды. Олжастың адуынды шабуылы ақыры нәтижесін беріп, бүк ұпайын да алған еді. Дегенмен, көпті көрген Еламан орайлы сәтті күтіп жүр екен, Олжастың сәл ғана қателігін оңтайлы пайдалана білді. Осылайша көрерменге тамаша күрес мерекесін сыйлаған республикалық турнир нәтижесінде түйе палуанға тігілген 1 миллион теңге Еламан Ерғалиевтің қанжығасында кетті. Екінші және үшінші орын алған палуандар да құр алақан қайтпады.

Түгелбай Бисен,

Зеленов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале