ҚР Президентінің балаларға арналған дәстүрлі жаңа жылдық шыршасы біздің өңірімізде Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында өтті.
Елбасы шыршасына облысымыздың әр түкпірінен келген 9-13 жас аралығындағы ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған және көп балалы отбасынан шыққан және оқуда, шығармашылықта, спорт саласында жетістікке жеткен 180 бала қатысты.
Жаңа жылдық кеште ертегі кейіпкерлері болып киінген балғындар Аяз ата мен Ақшақарды асыға күтті. «Балапан» арнасындағы «Еріншектер елі» мультфильмінің кейіпкерлері Спортакус пен Стефани шырша тойын қыздыра түсті. Жәнібек пен Керей хандардың балалық шақтары туралы «Қазақ елі» ертегісі, сондай-ақ «Рухани жаңғыру» құсының ерлігі әсерлі сахналанды. Ал «Ертегілер әлемі», «Рамзамза, рамзамза, гули-гули», «Бум-бум-ла-ла-ла» биі шырша қонақтарының езуіне күлкі үйірді. Мерекелік бағдарлама сәтінде шыршаны айналып, ән салған бүлдіршіндер Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау сөзін тікелей желіде тыңдады.
– Қымбатты балалар! Жаңа жыл мерекесі – әр бала асыға күтетін мерейлі мейрам. Мен өздеріңді және еліміздегі барлық балаларды жаңа жылмен шын жүректен құттықтаймын! Сендер тәуелсіз елдің бақытты ұрпағысыңдар. Біз сіздердің ақылды да, алғыр, зерделі де зерек болып өскендеріңді қалаймыз! Ата-ананың үкілі үмітін ақтап, халқымыздың асқақ рухын сақтаңдар. Бүгінгі шырша тойы есте қалатын ерекше кеш болады деп сенемін. Асқақ армандарың орындалып, Тәуелсіз елімізбен бірге өсіп-өніп, көркейе беріңдер! – деді ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
Балғындардың риясыз күлкісі мен жарқын дауыстары шырша тойының шырайын келтірді. Осы мерекеге арнайы келген облыс әкімі Алтай Көлгінов жаңа жылдық шыршаның шамын жақты. Содан соң балаларға ақжарма тілегін арнап, Елбасының әр балаға арналған құттықтау жеделхатын оқып берді. Жеделхатта «Айналайын! Келе жатқан 2018 жылмен шын жүректен құттықтаймын! Жаңа жылда ұлы білім әлеміне деген сенің шынайы талабың өссін! Жастық жалынмен ой-өрісің дамып, кеңейсін! Туған халқыңмен барша адамзат игілігі үшін ғаламдық өркениеттің интеллектуалдық байлығын талмай игере бер!» деп жазылған.
Содан соң жыл кейіпкерлерінің, Аяз ата мен Ақшақардың, Алдар көсе мен мыстан кемпірдің қатысуымен ертегі көріністері қойылды.
Облыстық білім басқармасының берген мәліметіне сүйенсек, бұл шырша тойын өткізуге облысымыз бойынша 17 миллион теңгеге жуық қаражат жұмсалған. ҚР Президенті атынан жаңа жылдық шыршаға қатысқан әр балаға құны 86 мың 100 теңге тұратын сыйлық берілді. Оның ішінде қысқы бас киім, сырт киім, аяқ киім, спорттық костюм, спорттық аяқ киім, жемпір, шалбар, күзгі күрте және тәтті сыйлықтар бар.
Гүлсезім БИЯШЕВА,
«Орал өңірі»