Ақжайық ауданының орталығы Чапаевқа ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Ерболат Мұқаев пен Нариман Төреғалиев жұмыс сапарымен барды.
Олар жуырда ашылған «Өркен» koworking орталығында болды. Осы ғимаратта орналасқан Рухани жаңғыру кеңсесінің де жұмысымен танысты. Кеңсе жетекшісі, тәжірибелі педагог Мәлік Берді Әлі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты бағдарламалық мақаласы аясындағы бағыттармен таныстырды.
Осында сенаторлар аудан жастарымен жүздесіп, пікірлесті. Е.Мұқаев еліміздің тәуелсіздік дәуіріндегі осы уақытқа дейінгі жеткен жетістіктерін баяндап, қыз-жігіттер асқан қиыншылықпен келген бүгінгіміздің қадірін білуге шақырды. Н.Төреғалиев әлемдегі 30 озық елдің қатарына ұмтылған Қазақстанның өрендеріне білім арқылы жаңа технологияларды игеру жарасатынын айтып, олардың жігерлі болуына, алға ұмтылуына тілегін арнады.
Сенаторлар «Арулар әлемі» фитнес залын аралап көрді. Аудандық емхана қызметкерлерімен, мұғалімдермен, жастармен, оқушылармен жүздесулерде олар Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауының қағидалары жайында жан-жақты әңгімелеп берді. Индустрияландыру, еліміз бойынша ресурстық әлеуетті одан әрі дамыту, агроөнеркәсіп кешенінің қарқынды дамуы, т.б. міндеттермен қатар депутаттар білім берудің жаңа сапасына, адами капиталдың тағдыршешті маңызына екпін түсірді.
Тұрғындар тарапынан тұрғын үй мәселесі, кооперативтер құру турасында, бала күтіміне байланысты үйде отырған аналардың жәрдемақысы жайында сұрақтар мен ұсыныстар түсті. Әсіресе, бүгіндегі мұғалім мәртебесі, жыл сайынғы медициналық тексерілудің құны, коммуналдық төлемдердің бағалары хақында сауал жолдаушылар көп болды. Аудан орталығындағы, ауылдардағы мектептерде кең жолақты интернет желісінің жұмысын жандандыра түсу де сөз болды.
Депутаттар әр қойылған сұраққа жауап беріп, облысымызға сапарлары барысында осындай көптеген кездесу өткенін, кейбір мәселерді депутаттық сауал ретінде жоғарыға жолдайтынын жеткізді.
Бекболат ҚАЛЕНОВ
Ақжайық ауданы
Суретті түсірген автор