12.01.2018, 15:43
Оқылды: 68

БҚО-да березовтықтардың боямасыз өмірін бейнелеген фильм түсірілді (ВИДЕО)

 

berezovБалдәурен балалығы мен жалынды жастығының ізі қалған, есейген кезеңі мен еңбек жолдарының куәсі болған туған ауылы кез келген жанның жүрек түкпірінен ерекше орын алатыны анық. Жүректі сағыныш тербеп, ауылды аңсаған кезде айналып келіп, алтын қазығымызға оралатынымыз да ақиқат.


Санитарлық-қорғау аумағының кеңеюіне байланысты туып-өскен өңірден көшірілген березовтықтардың енді қайтып мұндай сезімді бастан кешірмейтіндіктерін ойлағанда, өзектері өкініштен өртеніп, жаны құлазиды.

berezov snosӘсіресе, егде тартқан тұрғындардың өздері тұрып келген үйлердің трактормен сүріліп, тас-талқан болып жатқанын көргенде, жанарына үйірілген қимастықтың жасын көру қандай қиын еді! Балалары өсіп, немерелері ойнап өскен қасиетті қара шаңырағының орнында жатқан үйіндіге қарап, «Мына жерде менің үйім болған» деп өткен шақта әңгімелеп тұруы да оңайға тимегені анық.

Иә, енді бұрынғыдай көше бойындағы көк желектің сыбдыры, жол бойындағы арықты қуалай жүгірген судың сылдыры, күні бойы ойынға бір тоймайтын қарадомалақтардың күлкісінің сыңғыры, кешке қарай азан-қазан болып жататын малдың дүбірі, ауылды басына көтеріп, далаға қарай беттейтін техникалардың дүрілі – бәрі-бәрі жүрек түкпірінде ескірмес естелік болып қалғаны да - өмір еріксіз мойындатқан шындық.

Көшірілген тұрғындардың көңіл-күйін, сартап сағынышын және жаңа қонысқа келгендегі қуанышын боямасыз бере білген "Березовка: Жаңа өмір" деп аталатын 13 минуттық деректі фильм көрерменге жол тартты.

1a45b9ecc95d612cb6035448b3a5dab7Туынды авторлары - қысқа метражды фильм түсірумен әуестеніп жүрген жас кинематографистер Айбек Нығмет, Еркебұлан Ғапуов, Еділ Нұрлиев және Әлішер Ғұмаров.

-Біз фильмді түсіру барысында березовтықтардың кешегі күні мен бүгінгі тұрмысын экран арқылы шынайы көрсетуге тырыстық. Сол үшін де өз тарапымыздан ешқандай ақпарат бермедік, кадр сыртынан оқылатын диктордың сөзін қоспадық. Бар болғаны - көкейдегі ой мен терең сырды березовтықтардың өзіне айтқыздық.

Фильмді екі күннің ішінде түсірдік. Түсіру жұмыстарына қолдау білдірген Батыс Қазақстан облыстық ішкі саясат басқармасына және Бөрлі аудандық әкімдігіне алғысымызды білдіреміз, - деді бізбен әңгімесінде Әлішер Ғұмаров.

araltalНегізгі мамандығы қаржыгер болғанмен, жаны қалаған іспен кәсіби түрде айналысып жүргеніне екі жылдай болған Әлішер бүгінде қоюшы оператор, монтаждаушы, сценарий жазушы және режиссерлік қызметтерді қоса атқарып жүргенін айтады.

Березовтықтарға арналған үйді салған құрылыс компаниясымен әріптес болған Әлішер осынау ауқымды шараның барысын алғашқы күннен-ақ бейнетаспаға түсіре бастапты. Жоғарыда аталған фильмді түсіруге деген қызығушылығы да сол кезде оянған екен.

Айта кетейік, санитарлық-қорғау аумағының кеңеюіне байланысты Березов және Бестау ауылынан көшірілгендерге арнап мемлекет тарапынан Ақсай қаласында 153 пәтерлік тоғыз қабатты екі үй және қала іргесіндегі Аралтал ауылынан 100 жеке тұрғын үй салынды.

Айгүл Ахметова

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале