Сырым ауданында әкімдердің елді мекендердегі есептік кездесулері басталды. Кеше Талдыбұлақ ауылдық округінің әкімі Жанболат Мұхамеджанов округке қарасты Қазақстан ауылының тұрғындары алдында өзінің жұмыс есебін берді. Есептік кездесуге Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев қатысты.
Округ әкімі өзінің есептік баяндамасында Талдыбұлақ ауылдық округінің 2017 жылдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады және округ тұрғындарының осы кезге дейінгі әкімдермен болған кездесулерде көтерген мәселелерінің орындалуы жайлы айтты. Былтырғы жылы округте нақты Қазақстан елді мекеніне қатысты бірқатар мәселелер шешімін тапқан. Мысалы, Сырым ауданы әкімдігі «Батыс Қазақстан электр желілерін тарату компаниясы» АҚ- мен бірлескен жұмысының нәтижесінде Қазақстан елді мекені бағытындағы электр желілеріне қосымша 47 бағана орнатылыпты. Әбден тозған электр желілерінің кесірінен жарықсыз қоятын Қазақстан үшін бұл бір жақсы жаңалық болды.Сонымен қатар осы ауылдың тұрғындарын үздіксіз ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында елдімекендегі ауыз су мұнарасы ауыстырылды. Айтпақшы, Қазақстан – Киров бағытындағы жол да қар түспестен бұрын қалпына келтіріліпті. Бұл мәселелер кейінгі жылдары жиналыстардың күн тәртібін босатпай жүрген сауалдар еді. Ауыл ақсақалы Хамит Бахтияров ауылдың тапсырған шаруасын қадағалаусыз қалдырмай, аяғына жеткізген аудан әкімі Төлеген Төреғалиев мырзаға деген разылығын елдің көзінше айтты.
Қазақстан негізгі мектебіне математика және орыс тілі пәндерінің мұғалімдері жетіспейді. Мектеп директоры Марат Исламғалиев әсіресе математикке зәруміз деп отыр. Фельдшер болмағасын, елді мекендегі медициналық пункт те бос тұр. Қазақстандықтар ауылға уақытша мерзімге болса да дәрігер керек деген ұсыныс айтуда. Ол ұсыныстың қашан орындалатыны белгісіз. Ауыл тұрғыны Асхат Стаев сарып анықталған малдардың оқшауланбайтынын, оны ветеринар мамандардың қадағаламайтынын айтып, мәселе көтерді. Бұл сауалға аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Шайхислам Райсов жауап берді.
Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы жолдауы да есептік кездесудегі әңгіменің өзегіне айналды. Нақты міндеттер туралы «Нұр Отан» партиясы Сырым аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, аудандық мәслихат депутаты Талғат Дарғожиев айтып өтті. Жиналысты Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев қорытындылады.
Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,
Сырым ауданы