17.01.2018, 12:28
Оқылды: 49

Төрт ауылдың халқы мәселелерін ортаға салды

Кеше Жәнібек ауданындағы Күйгенкөл, Ұзынкөл ауылдық округтерінің әкімдері Әлия Оспанова мен Алтай Бақтығалиев Көлтабан, Құрсай, Өнеге және Еңбекші елді мекендерінің тұрғындары алдында өткен жылы атқарған жұмыстары туралы есеп берді.

Қос ауыл әкімінің баяндамаларында халықтың өмір сүру деңгейі, әлеуметтік-экономикалық жағдайы және тағы басқалар хақында жан-жақты қамтылып айтылды. Мәселен, екі ауылдық округте де мал басының өсімі байқалады. Шаруа қожалықтары мемлекеттік бағдарламаларға белсенді қатысып, сол арқылы демеуқаржыға қол жеткізіп отыр. Мал тұқымын асылдандыру жұмыстары да біртіндеп жолға қойылып келеді. Ауыл шаруашылығы малдарынан қан алу, егу секілді ветеринариялық шаралар уақтылы ұйымдастырылып, жоспарлы түрде жүргізілуде. Сарып ауруына оң нәтиже берген малдар түгелдей дерлік етке өткізілген. Бірқатар шаруа қожалығы мемлекет тарапынан жасалып отырған қолдауды пайдаланып, техникалық базаларын жаңартуда. Ауылдық округтер мал азығымен толықтай қамтамасыз етілген. Басқа салаларда да атқарылған оң істер баршылық.

Ауыл әкімдерінің есебінен кейін көлтабандық Жеміс Алдирова, Дариға Хименова жергілікті медпункт күрделі жөндеуден өткенімен, медбикенің Күйгенкөл ауылына, Құрсай елді мекеніне шығып кетіп, орнында жиі болмайтынын, дәрілердің жетіспейтінін, ауылға қоғамдық құдық қажет екенін айтса, құрсайлық Серікқали Жұбанышев пен «Мұрат» шаруа қожалығының жетекшісі Талғат Есқалиев шет жерден келгендерге жер бермеу, қардың, жаңбырдың ағынды суын пайдалану үшін «Үштамақ» тоғанын бөгеп, сайды тереңдету қажеттігін, жер алу мәселесін көтерді. Өнеге бастауыш мектебінің меңгерушісі Жаннат Сағындықова мектепті күрделі жөндеуден өткізу, елді мекен тұрғындары Мұқаш Тайкенжин ауылдағы прожектордың жанып кеткендігі, жер алған шаруа қожалықтары елді мекен аумағынан бөлек шығулары керектігі, Сағира Сыдиқова атаулы әлеуметтік көмектің жайы туралы мәселе қозғады.

Ал Еңбекші елді мекенінің тұрғындары Берік Кәсекенов ауылға тұрақты жұмыс істейтін фельдшердің қажеттігін, елді мекеннен қатқыл табанды грейдерге дейінгі жөндеу жүргізілген жолға енді қиыршық тас төсеу, Замир Шынақаев шаруашылықпен айналысу үшін жер алу, Закария Шоманов ауыл маңындағы екі қорымды қоршау хақындағы ұсыныс-тілектерін жеткізді. Соңында олар екі ауылдық округ әкімінің жұмысына «қанағаттанарлық» деген бағаларын беруді де ұмытпады.

Аталған елді мекендердегі есеп беру жиындарында сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Біржан Нұрланұлы өткен жыл бедерінде елімізде, сонымен қатар ауданымызда шешімін тапқан жұмыстар мен биыл атқарылуға тиіс бірсыпыра шаруаларды да атап өтті. Жиын барысында Күйгенкөл ауылдық округінің әкімі, аудан орталығынан барған дербес бөлімдер мен мекемелердің басшылары тұрғындардың сауалдарына жауап беріп, оларды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

А.ЕСІРКЕПОВ

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале