19.01.2018, 14:53
Оқылды: 125

БҚО-ның Алғабас ауылында 7 мал ұрлығы ашылмай тұр

Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев Жаңаөңір ауылындағы есептік кездесуге қатысты. Тұрғындар алдында Алғабас ауылдық округінің әкімі Мейірбек Хасанов есеп берді.

 Мал ұрлығы мәселесі Жаңаөңір елді мекенін айналып өтпепті. Дәлірек айтқанда, ұры Жаңаөңірді айналып өтпепті. Қайдан айналып өтсін, ауылдың малы бағымсыз, иесінің қадағалауынан ада болып, далада жүрсе. Ұрлыққа себепкер жайттың бірі осы болып тұр бүгін. Оның осылай екенін өзінің сөзінде аудандық жергілікті полиция қызметінің бастығының орынбасары Жанболат Аязбаев та айтты.

Тәртіп сақшылары  ұрлықтың себебін іздеп жүрсе, тұрғындар ұрлықтардың  ашылмау себебін іздейді. Қысқасын айтқанда, жаңаөңірліктер Алғабас ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторының жұмысына көңілтолмаушылық білдіріп отыр. Қызметіне мұқияттылығын былай қойғанда, кейбір ауыл тұрғындары инспектор мырзаның қызмет барысындағы дөрекілігін де байқаған. Оны тұрғындардың ауызынан аудандық жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасарының өзі естіді. Аудан әкімі Төлеген Төреғалиев елдің шағымын ескеруді, учаскелік полиция инспекторына тиісті шара қолдануды жеке назарға алатын болды. Айта кетейік, қазіргі күні Алғабас ауылдық округі бойынша 7 бірдей мал ұрлығы ашылмай тұр.

Жаңаөңір ауылындағы есептік кездесу қызу пікір мен орынды ұсыныстардың  алаңына айналды. Ауыл тұрғыны Тарғын Қошқарбаев Жаңаөңір елді мекенінен 6 шақырым жердегі Алқакөл тұзды көлінің шипалық қасиеттерін насихаттап, көлдің басына келушілерге арналған қызмет көрсету орнын ұйымдастыру туралы ұсыныс айтты. Бұл ұсыныспен жұмыстанатын алғыр адамдар болса, оларға пайда, ал ауданның туризмі үшін жақсы жаңалық болар еді.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале