25.01.2018, 15:44
Оқылды: 283

Кейбір мектеп музейлері ұлттық құндылықтарды өздерінде сақтап отыр

Қазіргі таңда облыстың аудандарында да, қалада да мектептерде музейлер жасақталып, жұмыс істеп жатқаны баршамызға аян. Бұл бір жағынан қуантатын жәй. Бірақ көптеген мектеп музейлеріндегі  жәдігерлердің сақталуы ерекше назар аударуды талап етеді. Өйткені мектеп музейлерінің көпшілігі тарихи-өлкетану бағыты бойынша жұмыстанамыз деп, өңірге тән кейбір ұлттық құндылықтарды өздерінде сақтап отыр.

1999 жылдың 22 сәуірінде Денсаулық сақтау, білім және спорт Министрлігінің №231 «Қазақстан Республикасындағы білім беру мекемелерінде жұмыс істейтін музейлердің ережелерін бекіту» туралы бұйрығы жарияланды. Бұл бұйрық негізінде мектеп музейлері туралы ереже қабылданды. Ережеде мектеп музейінің жұмысының мазмұны мен түрі, басқару және ұйымдастыру жүйесі, қорды сақтау және есепке алуды қамтамасыз ету түрлері ашып көрсетілген. Және мұнда мектеп музейлері  тарихи-өлкетану, экологиялық бағыттары бола алатыны да аталған.

Алайда көптеген мектеп музейлерінде жиналған жәдігерлер мен оның сақталым жүйесі жалпы музейлердегі заттар сақталымы бойынша негізгі ережеге сай еместігін атағанымыз жөн. Мәселен, археологиялық сала бойынша табылған заттар: қыш құмыралар мен сынықтары, жебенің ұштары, мамонттың тісі, қару-жарақ түрлері сияқты құндылықтар мектеп музейлерінде балалардың қолына ұстатпас бұрын, зерттеу мен зерделеуден өтуі керек. Мысалы, облыстық музейдің археологиялық залындағы әрбір экспонат бізге «Батыс Қазақстан облыстық археология орталығы» арқылы түседі. Ғалымдар оны зерттейді, зерделейді, қоюға болатын археологиялық заттарды ғана музей қорына тапсырады. Содан кейін ғана ол экспозицияға шығарылады, оның өзінде жабық витрина астынан көрсетіледі.  Сондықтан кез келген архелогияға қатысты жәдігерді мектеп музейіне қоймастан бұрын ойлану керек, мүмкін ол бала денсаулығы үшін  қауіпті болар.

Немесе мектеп музейлерінде қарудың неше бір түрлерінің қалдықтарын кездестіруге болады. Ал музейлердегі  заттардың сақталым тәртібі бойынша садақ, қылыш, мылтық түрлері сияқты қару-жарақтар міндетті түрде дабыл қосылғыш астында сақталуы қажет. Сигнализациясы жоқ жерде оларды сақтап, көрсетуге болмайды. Міне, мектеп педагогтары осыны да ескерулері қажет.

«Сонда мектеп музейлері қандай бағытта болуы мүмкін?» деген ой туары анық. Қазір әрбір ауданда өз ауданының табиғаты, тарихы туралы баян ететін тарихи-өлкетану музейлері бар. Осыған орай  өңірдің тарихымен сол арнайы халық үшін ашылған музейлерден барып танысқан жөн. Әр мектеп өлкеге қатысты жинаған жәдігерлерін сол ауданның музейіне табыс етсе, онда бүкіл аудан тұрғындарына  көру мүмкіндігін берер еді.

Ал мектеп музейі өлкеге қатысты материалдық емес мұра жинауымен айналысуға басты назар аударғандары жөн. Материалдық емес мұраға  аңыздар, мақал-мәтелдер, ертегілер, қиссалар, тұлғалар туралы әңгімелер жататындықтан, көнекөз қариялар аузынан жазып алғандарын өздері құрастырып, мектеп музейі арқылы жарыққа шығарса қандай ғанибет?!

Мектепте музей құрмас бұрын, мектеп музейін ашу туралы мәселені аудандық, қалалық білім басқармасының келісімі бойынша педагогикалық кеңес шешеді және оны мектеп директорының бұйрығымен бекітіледі. Музей құруға кірісерден бұрын оған мұралар іздеп, жинастырар алдында оларға мұқият дайындалған жөн. Музей қандай бағытта болады? Қандай тақырып таңдалу керек? Міне осы сұрақтардың бәріне тиянақты жауап табылған күнде ғана музей ашу ісіне кіріскен жөн.

Негізінен мектеп музейі «Мектеп тарихын» жинап, сақтау үшін құрылуы қажет деген ойдамын. Ең басты тақырып сол мектептің тарихы болуы керек. Өйткені әрбір мектептің өзіне тән тарихы, қызықты шежіресі бар. Оның құрылуы, орнығуы, өсуі, есеюі дегендей...

Кешегі өзіңіз оқыған мектепке көз жіберіп қараңызшы... Мүмкін ол алыс ауылдағы шағын ғана қараша үй болар, мүмкін  қаладағы еңселі биік зәулім сарайдың бірі болар... Әйтеуір осы үйдің  табалдырығынан аттағаннан оны бітіргенге дейін құрбыларыңмен  осында алаңсыз балалық шағыңды өткіздің, ойнап күліп, дүние танып шықтың. Қай мектеп болмасын, өз өрендерін білім бұлағынан сусындатып  қана қоймайды, оларды өмірге баулиды, әр түрлі мінезді өжет жандар тәрбиелейтіні белгілі.  Бір кезде мектепте оқыған, оның түлегі  бұл күнде кең дүниенің  талай дүлей күштерін тізгіндеп мініп, бүгінгі қауымның бір мүшесі болып жүр. Олардың ішіннен елге танымал адамдар шығуы  әбден мүмкін: ғалым, ел қорғаған батыр,  аянбай еңбек еткен Еңбек ері, кәсіпкер, меценат, әртіс, ақын, жазушы  шыққан болар. Сол кездегі ұяң бала мен ұялшақ қыз құрметті ата, ардақты ана, елге ақылшы данаға айналуы мүмкін. Осы адамдардың баршасы әр кезде мектеп қабырғасынан тәлім тәрбие алып шықты. Осының бәрі аса қастерлі, қазіргі буын үлгі ететіндей бағасы қымбат тарих болып саналады. Ендеше неге осылар туралы жинамасқа?..

Демек мектеп өмірінің тарихы дегеніміз бұл сол мектептен шыққан жүздеген адамдардың өсу, есею, адам болу хикаясы. Олардың әрқайсының ешкімге ұқсамайтын дара жолы, сыры бар. Қаншама тыңдасақ та жалықтырмайтын жыры бар. Сондықтан мектеп тарихы-осылардың тарихы. Әдетте мектеп оқушылары сынып немесе мектеп бітірген сайын фотоға түседі. Кейбір мектептерде олар көрінген шкафта ескерусіз жатады, ал мектеп тарихын жасайтындар үшін бұл таптырмайтын материал. ХХ ғасырда мектеп оқушылары отырған парта, жазған тақта, есеп шоты, оқушының киім үлгісі, пионер галстугі,  октябрят, комсомол белгілері, горн, барабан – міне мұның бәрі әр мектептің музейінде болуға тиіс жәдігерлер деп ойлаймын. Себебі біздің  ата-аналарымызды, әжелеріміздің тарихы осыдан басталады.

Міне, мектеп тарихын жасайық деген ой негізінен осындай негізден сүйеу алу керек. Шынында бұл тарихтың тәрбиелік мәні өлшеусіз. Буыны бекіп, бұғанасы қатпаған жас түлекті аға ұрпақтың ерлік, даналық дәстүрінде тәрбиелеу бұл күндерде аса маңызды қоғамдық міндет болып отыр. Өйткені ілігері ұрпақ ХХ ғасырда туды, ХХ ғасырда өмір сүрді. Ендеше  аға ұрпақтың арқалаған жүгі қаншама ауыр болса да оның үлгісін кейінгіге беру сондай қажет. Ұрпақ мұрасы мектеп тарихымен тікелей байланысты болғандықтан, мектеп тарихын жүйелеу, із қалдыру – сол мектептің педагогикалық ұжымының, оқушылардың парызы. Әрине бұл міндетті жүзеге асыру барысында мектептегі тарихышылар, әдебиет пәнінің ұстаздары белсенді атсалысулары керек.

Егер мектеп музейін ашамыз дейтін болса, облыстық мәдениет, білім басқармасы арқылы жәдігерлерді сақтау туралы мәдениет министірлігі мен білім министірлігінің жарғысына төмендегідей ұсыныстар ұсынуымыз  қажет деп ойлаймын.

Атап өтер болсақ, музей қорындағы жәдігерлердің сақталуы:
1) температурасы-ылғалдылық режимі;
2) жарық режимі сақталатын ғимараттарда орналасады.
Музей заттарын кешенді сақтауда +180 Цельсий (бұдан әрі – С) ауа температурасы белгіленеді.
Музей заттарын сақтау қоймаларында оларды кешенді сақтауда ауа температурасы +200 С-ден жоғары болмауы шарт (53%-ке дейінгі салыстырмалы ылғалдылықта).
Музей заттары орналасқан ғимараттарда:
1) ақ-қара фотоматериалдар үшін - +120 С-ден жоғары емес;
2) түрлі-түсті фотоматериалдар үшін - +50 С-ден жоғары емес;
3) балауыз бен ермексаздан жасалған музей заттары үшін +160 С-ден +250 С-ге дейін;
4) бағалы және жартылай бағалы тастар мен сарғылт дүрден жасалған музей заттары үшін 00 С-ден төмен емес ауа температурасы белгіленеді.
Музей заттарын кешенді сақтауда салыстырмалы ауа ылғалдылығы 50-ден 65%-ға дейінгі аралықта белгіленеді.

Музей заттарын сақтау үшін:
1) хлорлы қоспа түрінде коррозиясы бар археологиялық музей заттары үшін 37 %-дан 50 %-ға дейін;
2) фотоматериалдардан тұратын музей заттары үшін 40-тан 50 %-ға дейін температура-ылғалдылық режимі белгіленеді.
Музей заттары орналасқан әр ғимаратқа температура мен ылғалдылықты тіркеу үшін психрометр, гигрометр, термометр және тағы басқа құралдар орнатылады.

Мектеп музейінде қандай да болмасын қару түрлерін сақтауға болмайды. Ал сақталған жағдайда ішкі істер бөлімінің рұқсаты мен қатар қару-жарақ, әскери техника және жекелеген қару түрлерінің айналымы саласындағы мемлекеттiк көрсетілетін қызметтер регламенттерiн бекiту туралы заңында дәрімен атылатын қарулар  және суық қарулар күзетпен және өртке қарсы қамтылған бөлмеде сақталуы қажет. Есіктері темір немесе темірмен қапталған, құлпы шифрімен, терезелері тормен бекітілген болуы тиіс. Мектеп музейлерінің басқа музейлер сияқты рұқсат еткен паспорты болуы қажет және қордағы жәдігерлердің сақталу талаптары орындалған жағдайда мектеп музейі өз жұмысын атқара алады.

 

Мирболат Ерсаев,

БҚО тарихи-өлкетану музейінің директоры

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале