Оралда жалған ақша жасаушы топ 20 мыңдық теңгелерді дүкендер мен базарларда сауда жасап, айналымға салып жіберген. Бұл топ өткен аптада ұсталды.
Ратель.кz cайтындағы ақпаратқа сүйенсек, алаяқтар еш қымсынбастан біраз жалған ақшаны таратып жіберген. Жалған ақша жасаушы үш азамат соңғы екі апта бойы белсенділікпен жалған ақшаларды таратқан. Бізге белгілісі олар өңір тұрғындары емес. Әзірге аталмыш департаменттің экономикалық тергеу қызметі 14 фактіні анықтап, ресми тіркеген.
Күдіктілер 20 мыңдық жалған ақшаны жалдамалы пәтерде басып шығарған. Пәтерді тінту барысында жалған ақша жасауға пайдалынылған принтер, планшет, әлі қиылмаған дайын жалған ақшалар табылды. Айтқандай, мамандар жалған ақшалардың өте сапалы жасалғанын айтады. Сауда орындарының сатушылары сондықтан да ақшалардың қолдан жасалғанын аңғармаған. Жалған ақша жасаушылар дүкендердегі бақылау камералары арқылы анықталып ұсталды.
Қанша жалған 20 мыңдық теңге айналымда екені анықталуда. Аталмыш департаменттің экономикалық тергеу қызметі жалған ақша жасау фактісі бойынша ҚР ҚК-нің 206- бабының 2-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғады. Күдіктілер 5 жылдан 10 жылға дейін сотталып, дүние-мүлкі тәркіленуі мүмкін.
Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,
zhaikpress.kz