Бүгін таңертең Сырым ауданы Бұлдырты ауылдық округінің Көгеріс елді мекенінде бес адамды ит талаған. Оның үшеуі ересек адам болса, екеуі – мектеп оқушылары.
Оқыс оқиғаны естіген бойда, мән-жайды білмек болып Көгеріс негізгі мектебінің директоры Жақсыгелді Қайыровқа телефон шалдық.
Мектеп басшысының айтуынша, таңертең сабаққа келе жатқан оқушыларға шапқан ауыл иті мектептің ауласында 2-сынып оқушысы Арман мен 9-сынып оқушысы Айнұрды қапқан. Балаларды арашалауға шыққан мектеп күзетшісі Изимов Рашид пен газ қазандығының операторы Мерц Мақсотқа да қабаған иттің тісі батыпты.
Ал мектептің дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі Мұратов Қуандықты бір күн бұрын дәл осы ит талап тастаған екен.
Оқиға болған жерге жүгіре жеткен ауыл тұрғындары адамдардың өміріне қауіп төндірген итті сол бойда атып тастаған. Ал итке таланғандарды дереу өз көліктерімен аудан орталығы Жымпитыдағы аудандық ауруханаға жеткізіпті.
- Жарақаттанғандардың өміріне төніп тұрған қауіп жоқ. Барлығы да тиісті ем-домдарын алып, үйлеріне қайтарылды, - деді Сырым аудандық ауруханасы бас дәрігерінің міндетін уақытша атқарушы Роза Тахамбетова.
Хабар түскен бойда оқыс оқиға болған Көгеріске дереу жеткен ветеринарлық қызмет мамандары ала таңмен елді дүрліктірген қабаған иттің денесін өртеп, басын сараптамадан өткізу үшін өздерімен бірге ала кеткен. Айтуларынша, сараптама нәтижесі бір айдан кейін белгілі болмақ.
Айгүл Ахметова
zhaikpress.kz