9.02.2018, 11:46
Оқылды: 48

Биыл Қаратөбеде мал дәрігерлік эпизотияға қарсы іс-шараларға 43,8 млн теңге бөлінді

Аудан әкімі Жанат Асантаев халық алдында есеп беруде. Есепті жиынға облыс әкімінің орынбасарлары Ғабидолла Оспанқұлов және Бибігүл Қонысбаева қатысуда.

Ауданда асыл тұқымды мал өсіретін 14 шаруашылық бар екен. Олар еділбай, қазақтың қылшық жүнді құйрықты қойын, жабы, қазақтың ақбас сиыры, абердин-ангус, герефорд, әулие көл сиырын өсірумен айналысады. Өткен жылы аудан шаруашылықтарына асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, өнім сапасын арттыру, мал сатып алып, төл алғаны үшін барлығы 258,8 млн. теңге субсидия берілген.

- Ауданымызда 10 ауыл шаруашылық кооперативі құрылды. Оларда 411 мүше біріктіріліп, 2821 бас ірі қара малы орталықтандырылып отыр. Кооператив жұмыстарының басым бағыты - ірі қара малын тұқымдық түрлендіру және бордақылау.

Осы кооперативтердің мал бордақылау алаңдарындағы малды тиімді бағаға өткізіп, қолайлы жағдай туғызу мақсатында «Қоржын» шаруа қожалығы 30 бас ірі қара малы сойылатын мал сою кешенін салып, нысан желтоқсан айында өз жұмысын бастады.

Мал дәрігерлік алдын алу шаралары аудан бойынша өз мезгілінде жоспарлы түрде орындалды. Өткен жылы аудан бойынша бруцеллезге шыққан 457 бас ірі қара малының 256 бас ірі қара малы Сулыкөл ауылдық округінің 2 елді мекенінен шығып отыр.

2017 жылы жалпы мал дәрігерлік эпизотияға қарсы іс-шараларды жүргізуге 53,8 млн теңге қаржы бөлініп, толық игерілді. Ал биыл бұл шараларға аудандық бюджеттен қаралған қаржы 43,8 млн теңге бөлінді.

Елбасының биылғы Жолдаудағы тапсырмасында ауылшаруашылығын қарқынды дамыту өнімнің сапасы мен экологиялық тазалығын сақтай отырып жүргізілуі қажет деген болатын. Осы орайда ауылшаруашылығын дамытуда және мал басының өсуіне септігін тигізу мақсатында биылғы жылы Аққозы ауылдық округінің аумағынан Жақсыбай лиманды суландыру жүйесін қалпына келтіру жұмыстарына облыс басшылығы тарапынан қаржылай қолдау тауып, биыл құжаттама жасақталатын болады. Бұл Аққозы ауылдық округі тұрғындарына қажетті мал азығын дайындауға қосымша мүмкіндік бермекші, - деді аудан әкімі.

zhaikpress.kz

Суретті түсірген Айбатыр Нұраш

1 4

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале