16.02.2018, 17:10
Оқылды: 46

Министр Бозымбаев: «БҚО-да газ тарифін төмендетуге мүмкіндік жоқ»

Бүгін облыс әкімі Алтай Көлгіновтің жергілікті халық алдында есебіне қатысқан ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев осылай деді. Айта кетейік, есепті жиында қала тұрғыны, еңбек ардагері Жайсаң Ақбай министрге сауал жолдады.

- Осыдан 15 жыл бұрын Қарашығанақта мұнай өңдеу зауытын құру жөнінде ұсыныс болды. Алайда сол жұмыс аяқсыз қалды. Жақында үкімет отырысында Президентіміз алға көптеген міндеттер қойды. Біз мұнайдың үстінде отырған елміз. Сондықтан мұнай зауыты өлкемізде салынуы тиіс. Жұртқа табыс, жастарға жұмыс керек. Осы сұрағыма жауап берсеңіз, - деді қала тұрғыны.

- Сіз еліміздегі төртінші мұнай өңдеу зауыты қашан салынады деген сауалды қойып тұрсыз. Бұл бағытта жұмыс тобы құрылды. Қазір жобаның тиісті жол картасын әзірлеп отырмыз. Техникалық құжаттары дайын болғаннан кейін, зауыттың қай өңірде салынатыны және қуаттылығы қандай болатындығы белгілі болады. Ол сіз айтқан Қарашығанақта ма, Ақтөбеде ме, Ақтауда ма, Шымкентте ме, қай жерде екені нақтыланбады. Министр осы ретте «Конденсат» зауытын шикізатпен қамтамасыз ету мәселесі шешімін табатынын айта кетті.

- Қарашығанақта өз зауыты бар «Конденсат» деген үлкен кәсіпорын бар. Жылына 80 мың тоннадан астамөнім шығаруға қауқарлы. Өздеріңіз білесіздер, бұл кәсіпорынды шикізатпен қамту өзекті мәселе болды. Сол себепті шикі мұнай өзге өңірден тасылып келген еді. Бірақ бұл мәселе шешімін табуы мүмкін. Егер 1-2 ай ішінде зауыттың дизель отынын өңдейтін желісі іске қосылатын болса, министрлік зауытты шикізатпен қамтамасыз ету мәселесін шешеді. Яғни қажетті шикізатты Атыраудан немесе осы Қарашығанақ кенішінен беруді қолға аламыз, - Қ.Бозымбаев.

halikҚР Энергетика министрі сонымен қатар өңір тұрғындарының газ тарифіне қатысты сауалына жауап берді. Министрдің айтуынша, батысқазақстандықтардың Ақтөбе, Атырау, Ақтаумен салыстырғанда қымбаттау газ тұтыну себебі – жергілікті тұрғындардың тұтынып отырған Қарашығанақ газының құрамында күкірт көп. Ол Орынборда өңделіп, қайта елімізге келген кезде қымбатқа түседі. Сол себепті тарифті төмендетуге мүмкіндік жоқ екен. Айта кетейік, Қарашығанақ газының Орынборда өңделіп, қайтадан өзімізге келген кезде шекарадағы құны – 43 доллардан.

- Мәселен, Ақтөбе газы өздерінде өңделеді. Ондағы шикізаттың сапасы жақсы. Ал Атырауда ТШО-ның өңдеу зауыты салыстырмалы түрде өнімді арзан шығарады. Бірақ Шымкент, Алматы, Жамбыл өңірлерінде газ бағасы Оралдан қымбат. Министрлік тарапынан тарифтердің ашықтығын қатаң бақылайтын боламыз, - деді Қанат Бозымбаев.

Министр сонымен қатар биыл «Тұрғын үй қатынастары туралы» жаңа заң қаралатынын жеткізді. Бұл заң бойынша өңірлерде газ-техникалық инспекция қызметін құру мәселесі қарастырылады.

- Халық тарапынан «Қазтрансгазаймақ» мекемесіне айтылатын сын көп. Газ-техникалық инспекция құрылар болса, жергілікті билік орындары газ тасымалдаушы құрылымдардың жұмысын бақылап, ықпал ету тетігіне ие болады, - деді министр.

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале