20.02.2018, 16:35
Оқылды: 67

Инновация мен жылдамдық - бәсекеге қабілеттіліктің басты белгісі

Зеленов ауданында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» жолдауында қойылған міндеттерді іске асыру бойынша актив отырысы өтті.

Жиынға ҚР Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Талғат Ешенқұлов қатысып, жолдау басымдықтарынан туындайтын міндеттер туралы ой бөлісті.

Жиынды ашып, жүргізген аудан әкімі Асхат Шахаров Елбасының жолдауында ұсынған 10 міндеттің алғашқы бесеуі өнеркәсіпті қарқынды дамытуға бағытталса, одан кейінгі бесеуінде сол белеске жетудің жолдары айқын белгіленгендігін атап өтті.

– Жолдау еліміздің заман талабына сай әрекет ету арқылы дамыған елдер көшіне сенімді ілесу тетігін айқындайды. Жолдаудағы өнеркәсіпке ең жаңа технологияларды енгізу, ресурстарды тиімді пайдалану, агроөнеркәсіп кешенін жаңа технологиялық деңгейге көтеру, көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту, құрылыс және коммуналдық секторға заманауи технология қолдану міндеттері бұлжымас қағидаға айналса ғана көзделген мақсатқа қол жеткіземіз. Ол үшін қаржы секторын жаңалау, адами капиталды дамыту, мемлекеттік істі тиімді басқару, жемқорлықпен күресу, тіршілік ортасына «ақылды технология» енгізу бағдары мемлекеттің жаңа сипатты  ұстанымы бар, - деген Асхат Берлешұлы ауданның экономикалық-инфрақұрылымдық әлеуетін арттыруға бағытталған бастамаларға тоқталды.

Ауданда әлеуметтік нысандарды талапқа сай жабдықтап, ауылдарды жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету шаралары қарқын алмақ. Ауданішілік қатынас жолдары жөнделіп, елді мекендер газ, таза ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Шағын және орта кәсіптің тынысын кеңейтіп, жаңа жұмыс орындарын құру бағытында тың бастамалар қолға алынуда. Одан әрі сөз алған ҚР Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Талғат Ілиясұлы жолдаудың әр міндеті бойынша сараптамалық баяндама жасады.

– Елбасының жолдауында жаңғырудың негізі ретінде қарастырылатын адами капиталдың дамуына басымдық берілген. Бұл заманауи сын-тегеуріндерге жауап беретін шешім, себебі, бүгінгі постиндустриялық даму, инновациялық экономика ғасырында жоғары деңгейлі маман, өз ісінің шебері кез келген мемлекеттің артықшылығы болып табылады. Жолдауда білім бағдарламаларының негізгі басымдығы жаңа білімді өзгерту мен игеру, соған ұдайы бейілмелу керектігі айтылған. Бұл фактор заманауи қоғамның тез өзгеріп отыратындығымен байланысты. Инновация мен жылдамдық қазіргі әлемде бәсекеге қабілеттіліктің басты белгісі. Сондықтан әлемдегі өзгерістерден қалыспау бүгінгі таңда көштен қалмаудағы ең маңызды шарт болып табылады. Алдағы уақытта жаңа технологиялар көптеген мамандақтардың жойылуына әкелмек. Ал тың мамандықтарға сұраныстар арта бермек. Төртінші өнеркәсіптік революцияның жүзеге асуына бізде қабылданып, жүзеге аса бастаған Индустрияландыру бағдарламасы мен «Цифрлы Қазақстан» кешенді бағдарламасы, Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі дамуының кешенді стратегиялық жоспары, басқа да инновациялық жобалар қызмет етуде, - деген Талғат Ілиясұлы өткен жылдың қорытындысында еліміздің ішкі жалпы өндірісі 4%, өнеркәсіп өндірісі 7%-ға артып, жұмыссыздық деңгейінің 4,9 %-ға төмендегені төртінші өнеркәсіптік революция әлеміне бейімделудің экономикалық және әлеуметтік негіздері қазірдің өзінде қаланғандығын алға тартты.

Өзара пікір алмасу барысында тұрғындар сұрағына жауап берген мейман одан әрі Қасым Аманжолов мектебінде аудан мектептері директорларымен арнайы жүздесіп, жолдауды іске асыру мақсатында министрлік деңгейінде атқарылып жатқан жұмыстар жайынан хабардар етті.

Нұржан ДҮЗБАТЫР,

Зеленов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале