Алғыс айту күнінде күнінде Орал қаласында ерекше мұқтаж адамдарға арналған үйдің құрылысы басталды.
Соған байланысты «Естелік капсуласын» салу рәсімі өтті. Оған облыс әкімі Алтай Көлгінов, үкіметтік емес ұйымдар мен саяси партиялардың мүшелері, БҚО Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері мен меценаттар қатысты.
– «Еске алу капсуласын» салуды Алғыс айтуы күнінде ұйымдастырып жатқанымыз бекер емес. Бүгінге дейін мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған үйді салу жөнінде үкіметтік емес ұйымдар бірнеше мәрте бастама көтерді. Облыста 2 мыңнан астам бала сал ауруымен ауырады. Жасы 18-ден асқан 500-дей адамға осындай әлеуметтік үй қажет. «Рухани жаңғыру» ауқымында «Туған жер» бағдарламасы бойынша жергілікті азаматтар осы жобаны бірлесіп қолға алуға келісті. Оның ішінде ірі меценттар, құрылыс компаниялары мен зауыт иелері бар. Соларға алғыс айтамын, – деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.
Кейін құрылыс мердігерлері мен меценаттар капсула ішіне салынатын қағазға қол қойды. Кейін төрт бұрышты шағын тұғырдың ішінде капсула салынып, бетін ескерткіш тақта салынды. Болашаққа жолданған аманат 2041 жылы, яғни, ел Тәуелсіздігінің 50 жылдығында ашылмақ.
Орал қаласы маңындағы Зашаған кентіндегі балалар ауылында орналасқан бұл нысан меценттардың қолдауымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ауқымында қолға алынған. Жоба құны – 100 млн теңге. Екі қабатты бейімдеу үйі 50 адамға арналған. Ғимаратта 12 жатын бөлмесі, 4 санитарлық торап, 4 тынығу бөлмесі, 4 ас үй жəне шеберхана бар. Яғни ғимарат іші 4 секцияға бөлінген. Сауықтыру орталығының құрылысы 2019 жылдың маусымында аяқталады.
Бұл үйде жасы 18-ден жоғары, зердесі орнықты, жеңіл психоневрологиялық ауытқу деңгейіндегі ауруға шалдыққан мүмкіндігі шектеулі жандар тұрады. Олар өз бетімен тамақ дайындау, киім жуу, азық-түлік, киім-кешек, шаруашылық тауарларын сатып алу, бос уақытын ұйымдастыруға үйренеді. Жоба бойынша кəсіби мамандықтарды меңгеріп, жұмысқа орналасуларына жағдай жасалуы тиіс.
Айта кетейік, облыста аталған дертке шалдыққан 18-21 жас аралығында 81 адам бар. Ал кəмелеттік жасқа дейін 477 бала есепке алынған. Жыл сайын олардың ішінде отызға жуығының жасы 18-ге толып отырады.
Нұртай Текебаев
zhaikpress.kz
Сурет: Айбатыр Нұраш