2.03.2018, 10:53
Оқылды: 58

Алғыс айту күнін Ақжайық та атап өтті

Ақжайық ауданының орталығы Чапаевта 1 наурыз – Алғыс айту күніне арналған «Рақмет саған, туған ел!» атты салтанатты шара өтті. Береке мен бірліктің, ырыс пен ынтымақтың бастауы болған мерекеге атсалысқандардың қатары қалың болды. Еліміздегі тыныштық пен үндестікті, өзара сенім мен құрметті шарболаттай шыңдай түскен бұл күнмен жиналғандарды аудан әкімі Әділ Жоламанов құттықтады.

– Халқымыз жақсылықтың жаршысындай наурыз айын асыға күтеді. Өйткені, осы айда елдігіміз бен кеңдігімізді айшықтайтын мереке-мейрамдар баршылық. Байтақ еліміздегі ұйыған тірлік үшін бар күшін жұмсаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен күнпарағымыздан орын алған, бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне достығының, сыйластығының жарқын көрінісін әйгілейтін Алғыс айту күнінің орны бөлек. Даладай дархан қазақ ұлтының өзге этнос өкілдеріне деген кең пейілділігі, мейірімділігі тұғыры мығым берекелі бірліктің қайнары екені анық. Керегедей кең далаға уықтай бекіген ұлттар мен ұлыстар бірлік танытса ғана, ел шаңырағының биіктей түсері сөзсіз,-деді Ә.Жоламанов.

Аудан басшысы есенсайлық жеке кәсіпкер Серік Айтмағамбетов, Чапаевтағы №1 орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, «Радуга» славян ұлттық мәдени орталығының жетекшісі Валентина Боричевская, Ақсуаттағы «Жасұлан» шаруа қожалығының жетекшісі Жасұлан Қойшығұлов және чапаевтық жеке кәсіпкер Әлия Шоқановаға еңбектегі, ынтымақтағы үлестері үшін риясыз ризашылығын арнап, естелік сыйлықтар тапсырды.

Мекеме, ұжымдарда дене шынықтыру және сауықтыру жұмысын жандандыру, футзалды дамыту және кеңінен насихаттау мақсатында 2017-2018 жыл бойынша шағын футболдан аудандық лига өткен болатын. Оның мереке қарсаңында шығарылған қорытындысына сай жүлдегерлер марапатталды. Жарыс нәтижелері бойынша командалық есепте І орынға аудандық аурухана командасы, ІІ орынға Қабыршақты ауылдық округінің командасы, ІІІ орынға Мерген ауылдық округінің командасы ие болды. Жекелеген аталымдар бойынша жекелеген ойыншылар қошеметтелді.

Осында қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы, ауданның Құрметті азаматы Дәулетжан Жақсыбаев, «Радуга» славян ұлттық мәдени орталығының мүшесі Людмила Акутина, аудандық аурухана медбикесі Ксения Бекказиева құттықтау сөз сөйлеп, бір-бірімізге бауырмалдығымызды ұштайтын 1 наурыздың мән-маңызын әңгімеледі.

Мерекеге орай аудандық мәдени-демалыс орталығының қызметкерлері, аудандық балалар саз мектебінің ұжымы өнер көрсетті.

Елордамыздың 20 жылдық мерейтойына орай аудан әкімінің қолдауымен ауданда «Асқақтай бер, арайлы Астана!» атты көркемөнерпаздар фестивалі шеру тартқалы отыр. Шара соңында мәдениет, тілдері дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Гүлбану Құлмұқанова аудандық балалар саз мектебінің директоры Армангүл Хамзинаға фестиваль беташарының эстафетасын табыстады.

Бекболат ҚАЛЕНОВ

Ақжайық ауданы

Суреттерді түсіген Нұрбек ИХСАН

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале