3.03.2018, 12:30
Оқылды: 56

«Тек Құдайдан мына үйдің астында қалмайық деп тілеймін»

Оралдағы апатты үйдің тұрғыны 96 жастағы кейуананың тілегі осындай

Оралдың  Құрманғазы көшесінің бойындағы №82 үйдің салынғанына 135 жыл болды және соңғы 70 жыл бойына еш жөндеу көрмеген. Орталық базардың маңындағы бұл баспана 2011 жылы апатты үй деп танылғанымен,  әлі күнге дейін мәселе түйіні тарқатылар емес.

«Орал өңірі» газеті редакциясына сол үйдегі 21 отбасының атынан бір топ тұрғын бас тіреп келді. «Тұрғын үйдің қабырғасы қақырап, қатты жел соқса, шатыры сынып, ұшып кетуде. Пәтеріміздің төбесінен жаңбыр өтіп, құм түседі. 80-ге келген анам мен кішкентайлар бар, түнде төбеміз құлап кете ме деп қорқамыз, әр күнімізді қорқынышпен өткізудеміз», – деді №35 пәтердің иесі Күлән Аймырзина.

Аталмыш тұрғын үйді өз көзімізбен барып көрдік. Расында, бұл баспанадан өркениеттің «иісі» шықпайды: көгілдір отын, су құбыры кірмеген, кәріз жүйесі, әжетхана атымен жоқ. Екі қабатты ескі үйдің 1-қабаты түгелімен коммерциялық құрылымдарға, кәсіпкерлерге жеке меншікке берілген. Аяқ басқан сайын сықырлайтын ағаш баспалдақтардың өзі сынып кете жаздап майысып,  зәреңді алады.

– Біздің үй заңды түрде апатты жағдайда деп танылды. Сондай-ақ аталған үй мамандандырылған  мекеме  «Архстройпроект-А» ЖШС-мен  жөндеуге келмейтіндігі және бұзылу керектігі жайында берген 2010 жылғы 4 қазандағы техникалық қорытындысы қолымызда бар. 2017 жылы бұрынғы қала әкімі Нариман Төреғалиев үйіміздің жағдайын ескеріп, мемлекеттік-жеке меншік әріптестік жобасы аясында №8 мектеп ауданында салынып жатқан көп қабатты үйден біздің үйдегі 21 отбасына пәтер береміз  деген болатын. Тап осындай жауапты облыс әкімдігінен де алғанбыз. Әзірге еш нәтиже жоқ. Жаңа үйлер салынды, бірақ бізге пәтер берілмеді, – деді №32 пәтердің иесі Мұхтар Сұлтанғалиев ренішті үнмен.

Апатты үйдің тұрғындары бірінші қабаттағы коммерциялық нысандардан, соның ішінде дәріханадан, «Сэконд хэнд» дүкенінен, шаштараздан, кафеден келетін жағымсыз иістерден бастары ауыратындарын, демалудың қиынға соғатынын айтады. Айтқандай, бұл үйге 1891 жылы орыстың атақты әншісі Федор Шаляпин  тоқтаған. Сондықтан жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштердің тізіміне енген. Соған орай қала әкімдігі тарихи үйді аталмыш тізімнен шығарамыз дескен. Сол мәселе әлі шешілмегендіктен және бірінші қабаттағы кәсіпкерлік нысандары келісімін бермегендіктен де үй сүруге жатпай тұр-ау деп шамалайды  тұрғындар.

Тыл және еңбек ардагері, 96 жастағы Лидия Подгорнова (суретте) бұл үйден 1961 жылы бөлме алып, қоныстанған. «Соғыс жылдарында обком партияда кеңсе меңгерушісі болып күн-түн демей жұмыс істедім. Одан кейін кооперативтік техникумында есепші болдым. Ол кездері жас болған соң, үйімнің жайсыздығын елеп-ескермедім. Апатты деп еді, көшіруден хабар жоқ. Мен жас кезімде Отаным деп еңбек етіп едім, енді кәрімін ғой. Менің сөзімді кім тыңдайды? Тек Құдайдан мына үйдің астында қалмасам деп тілеймін»,  –  деп  күрсінді  кейуана.

Аталған үй тұрғындары «Тұрғын үй қатынастары» заңына сәйкес жалғыз үйі апатты деп танылған азаматтар санатымен қалалық әкімдіктің тұрғын үй кезегіне қойылған. «Бірақ сол кезектің алға жылжитын түрі көрінбейді. 2017 жылы №94 болып тұр едім, биыл тек №92 болып екі санға ғана алға жылжыппын», – деді апатты үйдегі №28 пәтердің иесі Зинат  Жұбанова.

Орал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының орынбасары Миржан Нұртазиев Құрманғазы көшесіндегі №82 тұрғын үйдің мәселесімен таныс екенін айтты. «Бұл апатты үйді бұзып, орнына мемлекеттік-жеке меншік әріптестік жобасы бойынша үй салатын инвесторды іздестірудеміз, әзірге таба алмай отырмыз. Әрі осы үйдегі кәсіпкерлік нысандары да үйді бұзуға келісім бермей отыр.

IMG_9546Бұл үй тарихи ескерткіштердің тізімінен шығарылған жоқ. Сондықтан бұл үйдің тұрғындары үйі апатты деп танылған азаматтар санатымен қалалық әкімдіктің тұрғын үй кезегіне қойылған. Кезектің жылжуына келсек, бәрі заңды. Оралда апатты жағдайда 43 тұрғын үй бар. Қазір мәселенің түйінін шешуге жұмыстанудамыз», – деді Миржан  Нұртазиев.

Техинвентеризация бюросы 1994 жылы бұл үйді 64 пайызға тозған десе, «АрхСтройПроект-А» мекемесі араға бес жыл салып берген техқорытындыда үйдің  жертөлесін, шатырын, ғимараттың негізгі қаңқасының әупірімдеп тұрғанын, «Велика угроза обрушения, и дальнейшее пребывание в здании людей опасно!» деп тайға таңға басқандай етіп көрсеткен. «Шөлмек мың күн сынбайды, бір күн сынады» демекші, әбден тозығы жеткен үйдің сиқы әлгіндей, демек, адам өмірі бәрінен де қымбат екенін естен  шығармалық!..

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале