Футболдан ел біріншілігінің үшінші турында Оралдың «Ақжайығы» Павлодардың «Ертісін» қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақсайқаласындағы «Қарашығанақ» стадионында өткен ойында алаң иелері барын салды. 11-минутта «Ақжайық» сапындағы украиналық шабуылшы Адеринсола Эсеоланың 11 метрлік айып добын «Ертістің» қақпашысы Никита Калмыков қайтара білді. Есесіне ойын соңына таман, 81-минутта дәл сол Эсеоланың пасынан кейін Қазақстан жастар құрамасының мүшесі Иван Антипов қақпа бұрышын дәл көздеді. Сөйтіп 1:0 есебімен «Ақжайық» биылғы маусымдағы бірінші жеңісіне қол жеткізді. Ал бұл павлодарлықтардың алғашқы жеңілісі еді.
Айта кетейік, «Астана» елордада «Қайсарды» 2:0, шымкенттік «Ордабасы» сырт алаңда 1:0 есебімен «Атырауды» ұтты. Осы екі команда 9 ұпаймен турнир кестесінде көш бастап келеді. «Ақтөбемен» 1:1 есебімен тең ойнаған «Қайраттың» 7 ұпайы бар. Қалған екі матч ертең өтеді.
Сурет Айбатыр Нұраш