Жәнібек ауданында кәсіпкерлер форумы өтті. Оған аудан кәсіпкерлерімен қатар көршілес Волжск қаласынан да келіп қатысты.
Форум барысында аудандық кәсіпкерлік, ауыл шаруашылық бөлімдерінің басшылары Роберт Биғалиев, Арман Исқақов ауданда шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы, мал шаруашылығын асылдандыру, субсидия алу жайын қозғаған баяндамалар жасаса, облыстық кәсіпкерлер палатасы Жәнібек аудандық филиалының директоры Жасұлан Басиров республикалық «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының қызметі, оның ауыл кәсіпкерлеріне көрсетіп отырған көмегі, кәсіпкерлерді оқыту жайында ой айтты.
Жиында сондай-ақ Ресейдің Волгоград облысы Волжск қаласындағы «Мирстрой» қоғамының директоры Ерсайын Назаров бастаған бір топ кәсіпкер құрылыс қалдықтарын өңдеп, пайдаға асыру технологиясы туралы және автокөліктердің қосалқы бөлшектері мен құрылыс материалдарын және ет сатуды жолға қою жайын айтты. Ал жәнібектік кәсіпкер Бауыржан Сабанов өзі айналысып отырған кәсіптің қыр-сырын Ресейден келген меймандарға таныстырып, тәжірибе алмасуға ниетті екенін білдірді.
Кәсіпкерлер форумын аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов қорытындылады.
Н.Есенғали
Жәнібек ауданы