Облыс орталығының іргесінен жер көлемі 425 гектарды құрайтын «Ақжайық» жаңа шағынауданының құрылысы басталмақ. Аталған ауданда 150 көп қабатты үй, 9600 орынға арналған 8 жалпы білім беретін мектеп, 9 балабақша, денсаулық сақтау нысандары мен 78 балалар ойын алаңдарын салу жоспарлануда. Қазіргі таңда, шағынаудан бойынша инженерлік желілермен қамту жұмыстары басталды. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Алтай Көлгіновтің төрағалығымен өткен кеңес отырысында Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев баяндады.
Кеңеске облыс әкімі аппараты, басқарма басшылары және мекеме-кәсіпорын жетекшілері қатысты.
Облыс орталығының даму жоспары талқыланған жиында қала әкімі Мұрат Мұқаев Елбасының бес әлеуметтік бастамасының орындалуы, «Смарт-сити» жобасын жүзеге асыру, әлеуметтік нысандар құрылысы мен шаһарды абаттандыру туралы баяндама жасады.
-Елбасымыздың «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» секілді бірқатар ауқымды бастамаларының және облыс басшылығының қолдау көрсетуі нәтижесінде қала бюджеті жыл санап артып келеді. Бүгінгі таңда қала бюджеті өткен жылдың осы кезеңімен саластырғанда 52 пайызға артып, 40,6 миллиард теңгені құрап отыр. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанындағы қаланың әлеуетін арттыру бағытына қаралған қаражат 14,4 миллиард теңгені құрады. Өткен жылы бұл көрсеткіш 7,9 миллиард теңге болатын. Қала бюджетінің басым бөлігі білім беру саласына, тұрғын үй коммуналдық жүйені жетілдіру мен құрылыс саласына жұмсалуда,-деді Мұрат Рахметұлы.
Қала әкімі ұсынған мәліметтеріне сүйенсек, ағымдағы жылға арналған құрылыс жұмыстарының жалпы көлемі 13 млрд.теңгені құрайды. Оның 80 пайызы, яғни, 10 млрд. теңге тұрғын үй құрылысы үшін көзделсе, 1 820,0 млн.тенге немесе 14 пайызы инженерлік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған. Өткен жылы басталған бес көп қабатты тұрғын үйлердің құрылысы ағымдағы жылы жалғасын таппақ. Биылғы жылы «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы бойынша екі тұрғын үйдің құрылысы басталған.
-Еліміздегі игі бағдарламаларды жүзеге асыру мақсатында тұрғын үй құрылысы бойынша 14 тұрғын үйдің жобалық сметалық құжаттамасы жасақталды. Соның ішінде, 9 тұрғын үй Зашаған кентінде, 6 тұрғын үй Орал қаласының Солтүстік-Шығыс бөлігінде бой көтеретін болады. Ағымдағы жылы көлемі 159,1 мың шаршы метрді құрайтын 3 242 пәтерлі 21 үйдің құрылысын жүргізу жоспарланған болатын. Бұдан бөлек, биылғы жылы апатты деп танылған 14 үйді бұзып орынына жаңа көп қабатты тұрғын үй салу көзделуде. Атап айтқанда, қаладағы Құрманғалиев, Ғ.Қараш, Некрасова көшелерінен бір үйден, Құрманғазы, Гагарин, Евразия даңғылы көшелерінен үш үйден, Скоробогатова көшесінен екі үй сүріліп, орнына 1500 пәтерлі көп қабатты үй салынып, апатты және тозығы жеткен үйлерде тұрған 432 адам жаңа тұрғын үймен қамтылатын болады. Барлық бағдарламалар бойынша биылғы жылы қаламызда 4742 пәтерге арналған 35 көпқабатты үйдің құрылысы жүргізілетін болады. Бұл – шаһарымызда бұрын-соңды болмаған көрсеткіш,-деді қала әкімі.
Нұрбек ОРАЗАЕВ,
zhaikpress.kz
Фото Айбатыр Нұраш