Орал қаласында жылу беретін магистраль желілеріне күрделі жөндеу жұмыстары басталуына байланысты ыссы су тоқтатылды. Бұл туралы қала әкімі Мұрат Мұқаев қала әкімдігінде өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті.
- Жалпы жылыту маусымы сәтті аяқталды деп айтуға болады. Барлық коммуналдық қызмет өз деңгейінде жұмыс атқарды. Сәуірдің 16 бастап жылуды айырдық. Тек кейбір балабақша мен ауруханалардың өтініштері бойынша жылыту маусымын ұзарттық. Ендігі ең басты мәселенің бірі - алдағы жылыту маусымына дайындалу. Қыстың қамын жазда ойлауымыз керек. Бүгінде қаладағы жылу магистральдарының 50 пайызға тозығы жеткен. Сол себептен №7 және №2 жылыту магистральдарын күрделі жөндеуге кіріскелі отырмыз. Мәселен, №7 магистральдың құрылысы 1983 жылы жүргізілген болса, №2 жылыту магистралі 1973 жылы салынған. Содан бері күрделі жөндеу көрмеген. Келесі жылы жылыту маусымын апатсыз жағдайда атқарып, халықты ыстық сумен тәулік бойы қамтамасыз ету үшін күрделі жөндеуді қолға алдық. Сондықтан да қала тұрғындарынан жөндеу жұмыстарына байланысты орын алатын уақытша қиындықтарға түсіністікпен қарауды сұраймыз. Бұлардың бәрі қалалықтардың игілігі үшін жасалып жатқан жұмыстар, - деді Мұрат Мұқаев.
Қала әкімінің айтуынша, жоғарыда аталған екі жылу магистралын күрделі жөндеуге «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 1,8 млрд теңге бөлінген. Сонымен қатар №4 және №8 жылу магистральдарын жөндеуге қаржыландыру мәселесі қаралуда. Жөндеу жұмыстарын бұл салада көп жылдардан бері жұмыс атқарып келе жатқан «Уральскводстрой» компаниясы жүргізеді. Қажетті материалдармен толықтай қамтылған. Жалпы жоба бойынша күрделі жөндеу жұмысының мерзімі 4 немесе 5 айға жоспарланған болса, компания өкілдері қала басшылығына жұмысты белгіленген уақыттан бұрын бітіреміз деп уәде беріп отыр.
- №7 жылу магистралына күрделі жөндеу жүргізілуіне байланысты ыссы су тоқтатылды. Бүгінде Т. Масин, Кердері, М. Мәметова секілді қала орталығындағы көшелердегі 119 үйде ыссы су жоқ. Бұдан басқа жылу беру маусымына дейін №2 жылу магистралын жөндеу жоспарланған, - дейді «Жайықжылуқуат» АҚ бас директоры Мұрат Байменов.
Қала әкімі Мұрат Мұқаев жылу үшін бережақ тұрғындар мәселесінің өзекті екендігін атап өтті. Қалалықтардың арасында «Жайықжылуқуат» компаниясына бережақ тұрғындар бар. Бүгінде олардың қарызы сот арқылы өндіріп алынуда. Сот орындаушылары арқылы өндірілетін болса, бережақ ақшаның көлемі артып кететінін ескерткен Мұрат Мұқаев тұрғындарға осы айдың соңына дейін жылуға төленетін барлық қарыздан құтылу қажеттігін құлаққағыс етті.
Сонымен қатар баспасөз мәслихатында қалаішілік жолдарды жөндеу жұмыстары да сөз болды. Өткен жылы 72 шақырымды құрайтын жолда абаттандыру және жөндеу жұмыстары басталып, 67 көше жөнделген. Биыл құрылысы басталған көшелерді қоса есептегенде 50 шақты көше жөнделмек. Ет комбинаты аумағында, Ремзовод, 2-жұмысшы ауылы, қаланың орталығында, Деркөл және Зашаған кентінде күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Осыған байланысты қоғамдық көліктердің маршруттары өзгертілетін болады. Бұл жұмыстар жөніндегі барлық ақпарат әкімдіктің инстаграм парақшасында және бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып отырмақ. Сондай-ақ Мұрат Рахметұлы санитарлық тазалық айлығы барысында бизнес нысандарының иелерін, жеке сектор тұрғындарын өз аулаларын, аумақтарын тазартуға, көгалдандыруға атсалысуа шақырды. Биыл 29 аулаға күрделі жөндеу жүргізілмекші.
Сондай-ақ қала әкімі Орал қаласында салынатын спорттық және балалар ойын алаңдарының сызбасымен, қаланы абаттандырудың жоспарымен таныстырды.
Ясипа РАБАЕВА,
«Орал өңірі»