Бүкілқазақстандық ағаш отырғызу күніне орай аудан орталығындағы «Тәуелсіздік», «Мәдени демалыс саябағы» тағы да басқа орындарда тал-терек егу акциясы өтті.
Шараның басында еңбек ардагері, ауданның «Құрметті азаматы» Нәсіпқали Мақанов ақсақал игі бастамаға ризашылығын білдіріп, ардагерлер атынан ізгі тілегін арнады. Ал аудан әкімі Наурызбай Қадырбайұлы аудан тұрғындарын тазалық мәселесіне баса көңіл бөлуге шақырды.
«Бір тал кессең, он тал ек» деген қағиданы берік ұстанған аудан тұрғындары күннің қолайсыздығына қарамай көшеттерді өз қолдарымен отырғызып, игілікті іс тындырды. «Біз бұл ісімізді туған өлкемізді гүлдендіруге қосқан үлесіміз деп білеміз» дейді жаңақалалықтар.
Бүкілқазақстандық ағаш отырғызу күніне орай аудан орталығында барлығы 1320-ға жуық көктерек егілді.
Сонымен қатар осы күні екі айға созылатын сенбілік жалғасын тауып, мектеп, балабақша, бірқатар мекеме-ұйымдар өз аумақтарын тазалады.
Бұл күні аталған шара ауданның барлық елді мекен және ауылдық округтерінде өтті.
Ақсұңқар СӘДІР,
Жаңақала ауданы