25.04.2018, 11:25
Оқылды: 68

Экспедиция Көктерекке келді

IMG_829024 сәуір күні күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлының туғанына 200 жыл толуына орай «Ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні» жобасы бойынша құрылған Халықаралық ғылыми экспедициясы Қазталов ауданының Көктерек ауылына ат басын тіреді.

Биыл Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі ұлы бабаның 200 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО көлемінде аталып өтілетін мерейтойлар мен атаулы күндердің тізбегіне енгізген болатын. Осыған орай  «Күй атасы» атанған, ұлы қүйші-композитор, дәулескер домбырашы, өнерінен өнеге дарыған Құрманғазы Сағырбайұлының ғұмырнамасының ақиқатын, күйлерінің шығу тарихын, шығармашылық-қайраткерлік болмысын сипаттау бағытында зерттеп-зерделеу,  күйлерін және құнды мұраларды қасиеттеп қастерлеу мақсатында экспедиция тобы жолға шыққан болатын. Экспедиция тобы құрамында БҚО тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері, ардагер журналист, ақын-жазушылар, өлкетанушылар, күйшілер, мұғалімдер бар. Ғылыми-экспедициясының маршруты Қаратөбе ауданы – Жаңақала ауданы – Қазталов ауданы Көктерек ауылы – Бөкей ордасы ауданы – Ресей мемлекетінің Астрахан облысы Володар ауданы Алтынжар ауылдарын қамтиды.

Бабалар жолымен сапарға шыққан экспедиция тобын  Көктерек ауылында аудан әкімі Абат Шыныбеков  аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова, Көктерек ауылдық округінің әкімі Бауыржан Қабдолұлы қарсылап алды.

Экспедиция тобы алдымен Көктерек тарихи-өлкетану музейіне келіп, ескерткіш тақтаға гүл шоқтарын қойып, тағзым етіп,  музейді аралап, жәдігерлермен танысты.  Осыдан кейін экспедиция тобы Құрманғазы баба 1878-1870 жылдары  қоныс тепкен бұрын  «Талсай», қазіргі күнде «Құрманғазы Қарасуы» атанып кеткен орынмен танысып, «Нарсойған» сайының жанына тал-теректер отырғызды. Бұл жерді болашақта «Құрманғазы тоғайына» айналдыру мақсат етіліп отыр.

IMG_8421Осыдан кейін Құрманғазы Сағырбайұлының Көктерекке келу тарихы жөнінде, дәулескер күйші туралы кеңінен мағлұмат алу мақсатында  Көктерек орта мектебінде «Күй атасы – Құрманғазы» тақырыбында дөңгелек үстел оздырылды. Дөңгелек үстелге қатысушыларды аудандық саз мектебінің оқушылары Құрманғазы  Сағырбайұлының  «Балбырауын» күйімен және «Қыз Жібек» үлгілі ансамблі «Жасай бер, Қазақстан» әнімен қарсылап алды.

Дөңгелек үстелде алғысөз сөйлеген аудан әкімі Абат Шыныбеков күй атасын дәріптеп, тарихын зерттеуде бастама көтерген экспедиция жетекшісі М.Ерсаев бастаған топқа алғыс айтып, ақ жол тіледі.

Дөңгелек үстелге қатысушылар Құрманғазы бабамыз туралы құнды деректер айтып, Көктерек тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Ақмарал Әдиетқызы, Көктерек орта мектебінің тарих пәні мұғалі Кәмшат Әжікеева күй атасының Көктерекке келу тарихы, отбасының жерленген орындары жөнінде баяндады. Ал Құрманғазы бабаның тікелей ұрпағы Нұрболат Құбиев ұлы күйші жөнінде аталарынан естіген деректерімен бөлісті. Дөңгелек үстел күйші Едіге Нәбиев пен Асқар Кенжеғалиевтің орындауындағы «Адай» және «Қоштасу» күйімен қорытындыланды.

Мөлдір ӘНУАРБЕКҚЫЗЫ,

Қазталов ауданы

IMG_8310 IMG_8321

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале