Жалпақтал өңірі мәдениетінің өркендеуіне көп жыл еңбек сіңірген ауылымыздың аяулы азаматы болған Әли Сисенғалиұлы Ахметовті еске алу құрметіне орай Мәдениет үйінде «Жақсыдан жақсы із қалар» атты шара өтті
1948 жылы 27 сәуірде Фурманов ауылдық кеңесінде дүниеге келген Әли Сисенғалиұлы 1965 жылы Фурманов орта мектебін бітіргеннен кейін Орал қаласындағы А.С.Пушкин атындағы педагогикалық институтының тарих пәні бойынша жоғары білім алып, кейін ауылшаруашылық техникумында зоотехник мамандығын алып шығады. Еңбек жолын 1966 жылы аудандық мәдениет үйінде моторист, аудандық комсомол комитетінде нұсқаушы, 1968 жылы Целиноград жоғарғы комсомол мектебінде дәріс алып келген соң, Фурманов аудандық комсомол комитетінде ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болды. 1975-1982 жылдары аудандық партия комиетінде үгіт-насихат бөлімінде нұсқаушы, аудандық атқару комитетінің орынбасары, 1994-1996 жылдары аралығында Фурманов аудандық ауыл шаруашылық кәсіподақ комиетінің төрағасы кейін аудандық кеңес депутаты болып бірнеше рет сайланды.
Әли Ахметов сол кездегі ауданның өсіп өркендеуіне соның ішінде мәдениет саласының ұлттық ұжымдарының жоғары деңгейге көтеріліп, республика, облыс көлеміне танымал болуына ат салысты. Сонымен қатар Әли Сисенғалиұлы Жалпақтал өнер мектебінің ашылуына, оның қалыптасуына мұрындық болған сегіз қырлы, бір сырлы тұлға. Небәрі 48 жылғы қысқа ғұмырында кейінгі ұрпаққа үлгі боларлықтай еңбек етті.
«Сөз саптауы, өнердегі домбыра, сырнай, гитара аспаптарында ойнауы, оған қоса ән салудағы ерекшеліктері және музыкалық сауаттылығы талай өнер майталмандарын таң қалдыратын. Сонымен қатар М.Ғұмаров атындағы Жалпақтал халық театры мен Жалпақтал мәдениет үйінің жанынан құрылған «Тамаша» ойын-сауық отауының өркендеуіне жаны шығып, аянбай тер төккені бәрімізге мәлім»,-деп бүгінде еске алады ауылдастары, замандастары.
Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИҰЛЫ,
Жалпақтал ауылы